Сіз де порталға тіркеліңіз!

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_30_30-2018-11.JPG«Электронды үкімет» порталын кеңінен насихаттау мақсатында жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері С.Ерғалиев атындағы орта мектептің қабырғасында кездесу өткізді. Олар ауданымыздың тұрғыны болып табылатын мекемелер мен ұйым өкілдеріне электрондық сандық кілттерді беру мен оны қалай пайдалану керек екендігі жайында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталмыш кездесу барысында берілген ақпарат Сізге де қажет болады.

Оқырман қауым, Халыққа қызмет көрсету орталығында электронды қызмет күн өткен сайын жанданып келеді. Себебі, электронды үкімет ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизміне айналды. Естеріңізге сала кетейік, Елбасымыздың 2004 жылғы Жолдауында сандық технологияның маңыздылығы жайлы айтылды. Содан қолға алынған электронды қызмет жобасының сайты бекітіліп, 2006 жылы іске қосылды.
Сіз еліміздің азаматы ретінде egov.kz порталы арқылы түрлі сала бойынша ақпарат ала аласыз. Тіпті, анықтамалық құжаттарды шығарып алу мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, Сізге тұрақты тіркелген мекен-жайыңыз туралы анықтама керек болса, оны ғаламтор арқылы да жылдам, әрі тегін ала аласыз. Егер Сіздің электрондық қолтаңбаңыз болса, қажетті анықтамаңызды мемлекеттік органға бармай-ақ, «Электронды үкімет» порталы арқылы да алуыңызға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығының ауданымыздағы филиалының басшысы Гүлшат Адаеваның айтуынша, электрондық құжатқа қолы қойылып, мөрі басылған қағаз тасығыштағы құжатпен тең заңды күш беру үшін пайдаланылатын адамның өз қолтаңбасының аналогы болып табылатын электрондық-цифрлық қолтаңбаңыз (ЭЦҚ) болса ғана, «Электронды үкімет» порталында тіркеле аласыз. Порталда тіркелу жеңілдетілген түрде жүзеге асырылады. ЭЦҚ арқылы тіркелген сәттен бастап, Сіздің жеке кабинетіңіз ашылады. Ал, жеке кабинетіңізде мемлекеттік қызмет түрлерін пайдалануыңызға болады.Тек ЭЦҚ қауіпсіздік мақсатында бір жылға ғана беріледі. Десек те, оны мерзімі аяқталғанға дейін pki.gov.kz порталы арқылы ұзартуыңызға болатынын жадыңыздан шығармаңыз. Біле жүріңіздер, Халыққа қызмет көрсету орталығынан куәландыра отырып, ЭЦҚ-ны файлдық тасымалдағышта алған жағдайда дербес компьютерге сақтауға болады. Бірақ, ЭЦҚ-ның жеке куәліктің чипінде болғаны қауіпсіз екендігін ескертеміз. Себебі, флешкадан байқаусызда өшіріліп қалуы мүмкін ғой немесе өзге біреу пайдалануы әбден мүмкін. Сонымен қатар, ЭЦҚ-ны телефонда сақтай отырып, электрондық үкіметтің мобильдік қосымшасы арқылы онлайн қызметтерге қол жеткізе аласыз. Ал, жеке куәлікті үнемі өзіңізбен алып жүресіз.
Кездесу барысында Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері осы секілді басқа да қажетті де, маңызды мағлұматты қарапайым тілмен жеткізе отырып, мемлекеттік қызметті қалай алу керектігін де көрсетті. Жиналғандардың тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға Гүлшат Адаева толық жауап беріп, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сіздің де сұрақтарыңыз туындаса, жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуіңізге немесе бірыңғай байланыс орталығы 1414-ке тегін телефон шалуыңызға болады.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане