Келісімсіз қабылдамайды!

Студенттердің көбісі жазғы маусымда, сабақтан тыс уақытта ата-аналарына салмақ түсірмеу үшін жұмысқа орналасып, қолғабыс жасағысы келеді. Бірақ, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Ал, Заң жасөспірімдердің еңбек құқығын айрықша қорғайды, өйткені олар дене күші жағынан, әрі рухани жағынан толық өсіп-жетілмейді. Осы орайда, «кәмелет жасқа толмағандарды қандай жұмыстарға тартуға болады?» деген сұрақ туындайды.


Баланың жұмысқа ерте араласуына қатысты пікірлер көп. Біреулер «ақшаның қалай келетінін түсінгені дұрыс» десе, енді бірі «жастық шақ үшін бұл қисынсыз» деп есептейді. «Мен былтыр жұмыспен қамту орталығы арқылы жазғы уақытта көшелердегі гүлдерді суарып, өз еңбегіммен ақша таптым. Себебі, анамның еңбекақысы көп емес. Ол онсыз да жыл сайын бізді мектепке дайындап, інім екеумізді қатарластарымыздан кем сезіндірмей, бар табысын киім-кешек, құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсайды. Күніне бірнеше сағат жұмыс істеп келсем, мен біреуден кем болмаймын, қайта ақшаның құнын бағалаймын ғой», - дейді есімінің аталғанын қаламаған жасөспірім. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарының мәлімдеуінше, жазғы маусымда қоғамдық жұмыспен айналысатын жасөспірімдер жоқ емес. Бәрі де Заңға сәйкес жұмысқа қабылданады. Айтпақшы, кәмелетке толмағандардың қоғамдық жұмысқа ата-анасының немесе қорғаншы-қамқоршысының келісімінсіз қабылдамайтынын ескеріңіз.
Біле жүріңіздер, жасы он сегізге толмаған жандарды дене еңбегін қажет ететін ауыр жұмыстарға және еңбек жағдайы зиянды, ірі қауіпті жұмыстарға қабылдауға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, олар түнгі уақыттағы жұмысқа пайдаланылмауы тиіс. Кәмелетке толмағандардың еңбегін қорғау үшін заңда қысқартылған жұмыс уақыты көрсетілген. Он төртке толған жас қызметкерлер үшін аптасына 24-36 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты көзделген. Айта кету керек, жұмыс берушілер тарапынан жасөспірімдердің құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда олар іс-әрекеттері жөнінде сотқа, еңбек инспекциясына шағымдануға құқылы. Өкінішке орай, елімізде жасөспірімдерге қатысты еңбек заңдылығын бұзу фактілері кездеседі, нәтижесінде, олар жауапкершілікке тартылады. Еңбек шарты жасақталмаса, ата-анаға да, жұмыс берушіге де айыппұл салынады. Қуантарлығы, аудандық ішкі істер бөлімінің ақпаратына сүйенсек, біздің ауданымызда мұндай жағдайлар тіркелмеген. Бастысы, биыл жүйелі түрде жүргізілетін рейдтік іс-шаралар барысында кәмелетке толмаған балаларды жұмысқа тарту кезіндегі еңбек заңнамасының бұзушылықтары бойынша фактілер анықталмаған.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане