Туған күніңмен, Қайыңдыкөл!

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_33_33-2018-7.JPGБелинский ауыдық округіне қарасты Қайыңдыкөл елді-мекенінің ауыл күнін атап өту дәстүрге айналды. Ауылдықтардың қуанышына ортақтасқан аудандық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы тамыздың 11-ші жұлдызында тұрғындарға керемет көңіл-күй сыйлады.


Сонау1954 жылы іргетасы қаланып, алақандай ауыл қиын кездерден қабырғасы қайысса да, омыртқасы сынбай, аман өтіп, тоқсаныншы жылдардың тоқырауын артқа тастап, тәуелсіздікке жетіп, іргелі елге айналып, ауыл күнін атап өтті. Қазақша атауға ие шалғайдағы Қайыңдыкөл ауылы бұл күнді асыға күтеді. Себебі, дәл осы күні достық лебіздегі ақжарма тілектер көңілдерге нұр болып құйылады, безендірілген орталықтан әуелеген ән, күмбірлеген күй естіліп жатады. Өзіндік жарасымды ауыл тойында ауданнан арнайы шақырылған қонақтар болмаса да, ауылдықтарды ауылдық округ әкімі Саят Ахмеджанов құттықтады. Ол осы өңірде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, Елбасының саясатының арқасында биыл Қайыңдыкөлге Қызылорда облысынан бес отбасының қоныс аударғанын айтып өтті. Еңбек ардагерлері мен тың игеруші ардагерлер (фотосуретте) әкімнің мадақтамасына, жиналғандардың қошеметіне бөленді. Шаңырақ көтергендеріне 10, 25 жыл толған мерейтой иелері мен биыл дүние есігін ашқан бүлдіршіндердің ата-аналары да, мерейгерлер мен биыл ғана еңбек демалысына шығып, зейнеткерлер қатарын толықтырған жандар да салтанатты түрде арнайы марапаттарды, естелік сыйлықтарды иемденді. Қайыңдыкөл ауылының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген және ауылдың қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүрген жанашыр азаматтар да назардан тыс қалмай, алғыс хаттармен марапатталды. Оған қоса, мереке қарсаңында бірнеше байқаулар жарияланған еді. Осы мерекелік кеште түрлі сайыс жеңімпаздарының, «Ең үздік және жайлы аула», «Жыл оқырманы», «Белсенді зейнеткер» номинацияларының жеңімпадарының есімдері аталды.
Ауыл күні мадақтаулармен шектелген жоқ, жоғарыда атап өткеніміздей, мәдениет үйінің өнерпаздары ауылдықтарды өнерлерімен тәнті қылып, көпшіліктің көңілінен шықты. Сахна төріне шығып, әкімдікке, өнерлерін паш еткен жандарға алғыстарын білдірген ауыл тұрғындары ерекше әсер алғанын алға тартты. Айтпақшы, ауыл күнінің аясында концерттік бағдарлама ғана емес, ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылды. Орталық алаңның сыртында балаларға арналған батуттар, яғни серіппелі торлар да болды, гір көтеру, арқан тарту бойынша жарыстар да өткізілді. Ауыл күні мерекесінің ерекшелігі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттермен үндесетінін, «Туған жер» бағдарламасының нақты бір көрінісі іспетті екенін айта келе, осынау тойға бір кісідей атсалысып, үлкен ұйымшылдық танытқан барша жамағатты айтулы мейраммен құттықтаймыз! Қуаныш молынан болсын, ауылым деген ақсақалдардың, ауылдықтардың абыройы өсе берсін!


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане