Сенбіліктерде денсаулығыңызды күтіңіз

Көктемде бастау алған сенбіліктер әлі де жалғасуда. Аудан орталығындағы тазалық жұмыстары аптасына бір емес, бірнеше рет ұйымдастырылатыны баршаға аян. Осыған дейін сенбіліктердің ұйымдастырылуы жайлы әңгіме қозғасақ та, тағы бір нәрсені ескермеген сияқтымыз.


Мәселен, соңғы кездері таңғы 8.00-ден ұйымдастырылатын сенбіліктердің барысында сауалнама жүргізгенімізде, бір кісі көзіне жас алып тұрып, жанайқайымен бөлісті. «Жақында бізді 37 градустық ыстықта сенбілікке шығарды. Өз басым, ауылды абаттандыру мақсатымен жүргізілетін тазалық жұмыстарынан бас тартпаймын. Бірақ, басымнан күн өткендіктен, бірнеше сағатқа созылған әлгі сенбіліктен кейін кешке құсып, басымды көтере алмадым. Күнара бәріміз де жұмыстарымызды тастап, көшені тазартуға, ақтауға кірісіп кетеміз. Алайда, күннің ыстығына, суықтығына қарамастан, қара жұмыспен айналысуға денсаулығымыз жарамайды ғой. Өкінішке орай, оны ешкім де ескермейді. Медициналық анықтама ұсынсаңыз, босататын шығар. Дегенмен, сенбіліктерден жалтақтағандай боламын ғой, әріптестерімнен ұят», - дейді есімінің аталғанын қаламаған жан. Есімінің аталғанын неге қаламағанын өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз. Бұл кісінің сөзінің жаны бар. Расымен де, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мекеме қызметкерлері жұмылдырылып, сенбілікке жіберіледі. Олар өзара «сенбілікке жұмысқа шыққандай барамыз» деп әзілдесетін болыпты. Иә, таза үй, таза елді-мекен кімге болса да, ұнары анық. Бірақ, медицина мамандарының айтуынша, мысалы, қан қысымыңыз көтерілсе немесе дене жұмысымен айналысуға болмайтын ауру-сырқатқа шалдықсаңыз, анықтама алғаныңыз дұрыс болар. Денсаулығыңыз жараса, ауылыңызды көріктендіруге өз үлесіңізді қосқаныңыз абзал.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане