Құрбан айт құтты болсын!

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_34_34-2018_1.JPGТамыздың 21-і күні бүкіл әлем мұсылмандары зор қуанышпен күткен қасиетті Құрбан айт мейрамы ауданымыздың мешітінде де атап өтілді. Бұл күні сауапты іске ұмтылған жандардың қарасында шек болмады.


Сейсенбі күні ертемен «Әйет» мешітінің қабырғасында жиналған жамағатқа мейрамның қадір-қасиеті жайлы уағыз айтылды, ал кейін намаз оқылды. Өздеріңіз де білесіздер, Құрбан айтта орындалатын ең үлкен ғибадат – құрбандық шалу. Сондықтан, айт намазы оқылғаннан кейін мешіттің ауласында құрбандыққа төрт қара мал шалынды. Халық алдында құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын да тілге тиек еткен бас имам Ислам Хамзин күллі мұсылман жұртшылығын біріне-бірі жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырды. «Майлин ат.» ЖШС-нің директоры Владимир Бушкин, «Мечта-98» ЖШС-нің директоры Владимир Кравчук, «Тоғызбай агро» ЖШС-нің директоры Майлыбай Доспанов және тағы басқа азаматтар шариғаттың барлық талаптарына сай шалынған малдың етін әл-ауқаты төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, Таран, Тобыл елді-мекендеріндегі мектептер мен балабақшаларға таратып берді.Ауылдық аймақтарда да ауқатты, тұрмысы жақсы тұрғындар әлі де Ұлы жаратушы иеміз Алла разылығы үшін құрбандық шалып, кедей, әрі мұқтаж адамдарға, міскін жандарға қамқорлық көрсетіп жүр.
Қалыптасқан дәстүр бойынша дәл осы күні көпшіліктің белсенді қатысуымен ас берілді. Ақ дастарқанның басында жиналған жамағат өнерпаздардың өнерін тамашалай отырып, ақ көңілдерімен, таза пейілдерімен бір-біріне ізгі тілектерін де жеткізді. Сөз алған бас имам Ислам Хамзин мазмұнды да, танымдық уағыздарын айта отырып, ұйымдастырушыларға, құрбан шалушыларға ризашылығын білдірсе, ауданымыздың құрметті кісілері ортаға шығып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады. Айта кету керек, айт мерекесін атап өту үшін мұсылман бауырларымыз ғана емес, өзге діннің өкілдері де бас қосты. Олар да барша қауымды осынау діни мейраммен құттықтау мүмкіндігіне ие болды. Иә, Құрбан айттың жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі орасан зор екендігін осыдан-ақ байқауға болады. Бірнеше сағатқа созылған отырыс ел-жұрттың көңілінен шықты, барлығы да алғыстарын білдіріп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.
Үш күн бойы аталып өтетін Құрбан айттың барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше. Осы күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Құрбан айт баршамызға мүбәрак болсын!


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане