Қызылордалықтардың округ әкіміне алғысы шексіз

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_34_34-2018_7.JPGЕстеріңізге сала кетейік, ішкі көші-қон мәселесінде еңбек ресурстары мен демография жағында оңтүстік пен солтүстік аймақтар арасында теңсіздік орын алып келеді. Осыған орай, еңбек күші мол аймақтан еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде.


Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тығыздығы жағынан көш басында. Сол себептен де екі қолға бір күрек таппай жүргендер көп. Еліміз осы тұрғыда екі мақсатты жобаны жүзеге асыруды қолға алған болатын. Бұл солтүстік өңірді қазақыландыруға және халықтың жұмыспен қамтылуына бағытталып отыр. Яғни, еңбек ресурсының теңсіздігін реттеу қазақыландыру саясатымен қатар жүреді. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігін атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына арнайы тармақ енгiзiп, бұл мәселенi шешудiң оңтайлы жолдарын белгiледi. Ондағы мақсат – ел азаматтарын, әсiресе, халқы тығыз, жұмыссыздығы басым оңтүстiк тұрғындарын жұмыс күшi тапшы өңiрлерге қарай көшiрiп, экономикалық тұрғыдан қолайлы етiп орналастыру. Бастама сәтiмен жүзеге асса, қоғамдағы бiрқатар өзектi мәселенiң түйiнi тарқатылмақ.
Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік облыстардың тұрғындарын солтүстік аумақтарға ерікті негізде қоныстандыруға арналған жұмыстар біздің ауданымызда да жүргізіліп жатыр. Бағдарлама аясында оңтүстік өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылар жоқ емес, бар. Аталмыш бағдарламаны пайдаланып, жақында ғана Қызылорда облысынан қоныс аударған бес отбасы Белинский ауылдық округіне қарасты Қайыңдыкөл ауылына көшіп келді. Ахметовтар шаңырағының отағасы Пазылхан ағайдың айтуынша, біздің өңірімізде жайылым жер көп. Сондықтан, ол қол қусырып отырмай, өз ісімен айналыспақшы. Айта кету керек, қызылордалықтардың Белинский ауылдық округінің әкімі Саят Мұхаметжановқа алғысы шексіз. Себебі, ауданымызға келгеннен бері жиырма тоғыз адамды құрайтын бес шаңыраққа көмектесіп жүрген де осы кісі екен. «Жергілікті билік қолынан келгенін жасап жатыр. Балаларым боксит кен басқармасына, мектепке, әкімшілікке, фельдшерлік-акушерлік пунктіне жұмысқа орналасуда.Оқу жылы басталысымен кішкентайларымыз ауылдық мектепте білім алатын болады. Осылайша, ортаға бейімделіп, сіңісіп жүрген жайымыз бар. Алла жазса, туысқандарым мен достарымды осы жаққа көшіріп алмақшымын», - дейді Пазылхан Ахметов. Айтпақшы, қоныс аударған бес отбасы да баспаналы болды. Қоныстарыңыз құтты болсын, қандастар!
Ресми мәліметтерге сүйенсек, алдағы бес жыл ішінде Қазақстанның оңтүстік өңірінен солтүстікке он мыңға жуық отбасыны көшіру жоспарланып отыр. Атап өтерлігі, осы бағдарлама бойынша ауданымызға қоныс аударуға ниет білдірушілердің жасы мен ұлтына, мамандығына шектеу қойылмайды. Дипломның болуы немесе жұмыссыз ретінде тіркелуі де шарт емес. Әзірше, ауданымызға оңтүстіктен көшіп келгендер қатары көп емес. Десек те, ниет білдіруші жандардың көбейетініне еш күмән жоқ. Барлығы да уақыттың еншісінде. Бұл іске жауапты мамандар көшіп келушілер міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етіліп, жұмысқа орналастырылатынын алға тартады. Оған қоса, әлгі отбасының әр мүшесіне бірреттік көмек берілетін болады. Жергілікті жұмыспен қамту орталығының мәлімдеуінше, жоспар бойынша біздің ауданымызға да биыл жиырма отбасы көшіп келмекші. Осы күнге дейін қырық жеті адамнан тұратын тоғыз отбасы ауданымызға көшіп келген көрінеді.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане