Майра Төгелбаева жай ғана маман емес

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_35_35-2018-9.JPGСот отырысының хатшысы сот жүйесіндегі маңызды буын екендігі сөзсіз. Себебі, судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне, тыңдырымдылығына тікелей байланысты. Жиырма үш жыл бойы сот жүйесінде еңбек етіп жүрген Майра Түгелбаева өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, мойымастан атқарып келеді.


Ауданымыздың тумасы Майра Түгелбаева Береговой ауылының мектебін бітірген соң, Қостанайдағы №10 техникалық училищесіне оқуға түседі. Тігінші мамандығы бойынша диплом алған жас бойжеткен Рудный қаласындағы сән ательесінде жұмыс істеп жүреді. Кейін тарандық жігітке тұрмысқа шығып, туған жеріне оралады. «90-шы жылдары сәнханалар жабыла бастаған соң, өзге салаларда еңбек етуге тура келді. Ал, 1995 жылы аудандық сотқа жиыстырушы болып жұмысқа орналастым. Бір жарым жылдан кейін машинист қызметі лауазымына бос орын болғандықтан, тәуекелге баруға бел будым. Үш айдай машинист мамандығын игердім, кейін 1998 жылға дейін сот отырысының хатшысы болып жұмыс істеп жүрдім. Осы күнге дейін жергілікті сот жүйесінде сот хатшысы да, сот приставы да болдым, архивте еңбек етіп жүріп, өз білімімді жетілдіре түстім», - дейді Майра Тұяқбайқызы. Жиырма үш жылдың ішінде сот жүйесінде өзін еңбекқор, ынталы қызметкер ретінде көрсете білген бұл кісі өзінің білімін жан-жақты жетілдірген, бір саладағы әр мамандықтың қыр-сырын жетік меңгере білген.
Еһ, өмір, ғажап тіршілік қой!... Өмір, расымен де, өміршытырман оқиғаларға, тосын сыйларға, қызықты оқиғаларға толы ғой. Кәсіпқой тігінші болуды армандап, арманын жүзеге асыру үшін кезінде қадам жасаған Майра Түгелбаева осыншама уақыт сот саласында жұмыс істеймін деп ойламаған. Өзге кәсіпқой мамандардан кем емес, тәжірибесі мол тұлға ретінде қалыптасқан, өмірдегі өз орнын тапқан кейіпкеріміз біліктілігін арттырып, талапқа сай дипломды маман болу үшін заманауи гуманитарлық академияның түлегі де атанып үлгерді. Оның айтуынша, соңғы жиырма жылда сот жүйесі біраз қадам алға басты. Мысалы, бұрын сот отырысы барысында бәрін жазып үлгеру керек болатын, оған қоса хаттамаларды да қолмен жазатын, ал қазір аудио-бейне жазбалар жүргізіледі, сондықтан жұмыс та біршама жеңілдетілді. Сот хатшыларының жұмысы сырт көзге қарапайым, әрі оңай болып көрінуі мүмкін. Бір қарағанда, сот отырысының хатшылары тараптардың жауаптарын қағазға түсіріп, хаттама жазып, іс құжаттарын реттеп отыратын жай ғана маман сияқты. Алайда, сотта қаралатын кез-келген істің өзіндік қиындықтарымен қатар істі өндіріске дайындау сатылары болады. Мәселен, істі сотта қарамас бұрын онымен танысу, қарау, уақыттарын белгілеу, ұйымдастыру, тараптарға хабарландыру жіберу секілді көзге көрінбейтін жұмыстар жетерлік. Сот отырысының хатшысы Майра Түгелбаеваның жұмысы күрделі, көп салалы, сөйте тұра қызықты да. Ол күнделікті тараптардың сот отырысына келуін қамтамасыз етіп, сот актілері мен басқа да құжаттарды іс жүргізу нұсқаулығына сәйкес сатыларға жолдайды. Сот ұжымының айтуынша, Майра Тұяқбайқызы азаматтармен үнемі сыпайы сөйлесіп, жас мамандармен тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане