Алғашқы қоңырау соғылды

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_36_36-2018-1.JPGЕліміздің барлық елді мекендеріндегі ауданымыздағы барлық білім ұяларында алғашқы қоңырау салтанаты болып, білім күнінің алғашқы сабағы өтті...


Таңғы 10.00-де Красносельск орта мектебінің салтанатты шарасы «Қайырлы күн, құрметті қонақтар, ұстаздар, ардақты ата –аналар! Сіздерді күз мезгілінің алғашқы мерекесі Білім күнімен құттықтаймыз!» деген құттықтау сөзбен басталды. Аталмыш жиынға қатысқан 11-сынып оқушыларына бұл қоңырау - соңғы қоңырау, ал 1-сынып оқушылары үшін алғашқы. Сондықтан, бұл күні оларға ерекше құрмет көрсетілді. Сынып жетекшісі Ирина Сафонованың жетекшілігімен ортаға шыққан биылғы оқу жылының түлектері де, сынып жетекшісі Вера Гричинаның жетекшілігімен шыққан 1-сынып оқушылары да бір-біріне тосын сый да дайындаған, дәстүр бойынша жоғары сынып оқушылары бүлдіршіндерге сиқырлы кілттерін де табыстады. Ерекше құрметке жас мамандар да, арнайы келген қонақтар да ие болды. Аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Ирина Конник, өнер мектебінің директоры Ирина Гавриленко және мектептің кіреберісіндегі жөндеу жұмыстарына демеушілік жасаған «Жас қанат – 2006» ЖШС-нің директоры Қайрат Маишевтің өзі болмаса да, атқарушы директор Дәулет Маишев жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Сөз кезегі, әдеттегідей, мектеп директоры Әлия Байкановаға да берілді. Ол жазғы уақыттағы оқушылардың жетістіктерімен бөлісіп, бірқатарын мадақтамамен марапаттады, әрі қатысушылардың әлі де жаңа белестерге көтерілетініне сенім білдірді. Демеушілік жасаған мектептің түлегі Қайрат Маишевке алғысын білдіріп, көпшіліктің алдында Дәулет Маишевке алғыс хат табыстады. Ұлттық би мен жеке орындаушылардың, мектеп ұжымының әндері Красносельск ауылындағы салтанатты іс-шараның сәнін аша түсті. Білім күнінің бағдарламасы 11-сыныптың үздік оқушыларының және 1-сынып оқушыларының алғащқы қоңырауды соғуымен аяқталды.
Тобыл орта мектебінде өткен салтанатты жиын да тобылдықтардың көңілінен шықты. Әдемі безендірілген мектеп алаңында жиналған қонақтар мен ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар, мектеп директоры Елена Кривченкова мектеп кешінде тілек айтып, музыкалық нөмірлерді тамашалап, ұмытылмас сәттердің куәгерлері болды. Алғашқы қоңырауды соғу құқығы пәнаралық олимпиадалар мен сайыстардың жеңімпаздары, мектеп белсенділері Анастасия Сысоеваға, Диана Ақылбековаға және 1-сынып оқушысы Айару Бірмағанбетоваға берілді. Мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың барлығына да Елбасымыздың сыйлығы тарту етілді (фотосуретте).


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане