- Подробности
-
Категория: Рухани жангыру
-
Создано 03.03.2018 13:51
-
Просмотров: 5925
Өткен аптада Асенкритов орта мектебінің қабырғасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында салтанатты жиын өтті.
Педагогика саласының ардагерлерінің, түлектердің, қонақтардың қатысуымен өткен мерекелік қайырымдылық іс-шара мектеп өміріне шолу жасау үшін әзірленген арнайы презентацияның ұсынылуымен басталды. «Иә, уақыт деген көз алдымыздан өтіп барады. Кеше ғана бала ең, келдің ғой талай жасқа», - деп ұлы атамыз Абай айтып өткендей, кеше ғана мектеп партасында отырған шәкірттердің де, білім нәрімен сусындатқан ұстаздар қауымының да жанарларының сағынышқа толы болғанын байқамау мүмкін емес еді.
Ұйымдастырушылардың дайындаған тосын-сыйлары аз болған жоқ. Сахна төрінің шымылдығын ашқан «Данс лайф» тобының орындауындағы «Жұмыр қылыш» биі жиналғандарды бір сергітсе, 10-сынып оқушысы Инна Михаэлистің орындауындағы «Это все мое родное» әні жылы қабылданды. Естеріңізге сала кетейік, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының базалық бағдарламашасы «Рухани қазына» деп аталады. Рухани қазынамыз - ол біздің тарихымыз, ол біздің атақты ақындарымыз, жазушыларымыз, ол сол кісілердің арттарына қалдырып кеткен шығармалары. Осы ретте, Абай Құнанбаев сынды ұлы тұлғалардың шығармашылығын дәріптеу мектептен бастау алады. 5-сынып оқушысы Рустам Тагиевтің паш еткен өлеңі соған дәлел десек артық айтқанымыз болмас. Мектеп түлектерінің бірі Валерий Поляков та керемет әнін шырқап, мерекелік концерттің сәнін аша түсті. Авторлық өлеңімен тамсандырған Инна Михаэлис пен «Conteo» биімен таңдандырған бишілер де, 6-сынып оқушысы Александра Хомякова мен оқу мекемесінің түлегі Татьяна Гузема да осы кешке аса жауапкершілікпен дайындалып, айтулы шараның ерекше өтуіне өз үлестерін қосты. Жылы лебіздер мен алғыстарға, әсем әуендерге толы болған кездесуде қонақтар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасып, аталмыш шараның дәстүрлі түрде өтетініне сенім білдірді.