Мерейлі тойларыңыз құтты болсын, Тарандықтар!

c_410_290_16777215_00_images_2016_30_gazeta30_201624.jpgКез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің тұғырлы, елдігінің еңселі болуы - азаматтарының ел мүддесі десе, өзегі күйетін өр рухы мен жоғары намысына байланысты болса керек. Ал оның негізі, өз тарихымызды терең біліп, даңқты дәстүрлерімізді, қастерлі дінімізді, игі салтымызды бойға сіңіріп, өшпес өнеге, тамаша тағылымдарды бүгінмен байланыстырып, болашаққа жалғауда.

Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтқандай: «Халық өзінің өткен тарихын білмесе, өзі өмір сүріп жатқан дәуірдің қадірін бағалай алмайды», - дегендей, жас ұрпақ әрдайым өз тарихына үңіліп, ел мен жер намысын қорғаған бабалар есімін есте ұстағаны жөн.
Еліміздің көркейіп гүлденуі жолында аталарымыз, ақтаңдақ ағаларымыз қаншама тер төкті. Бүгін, міне, сол ұзақ жылдар бойы төгілген тер мен еңбектің лайықты бағасы беріліп, өткендер еске алынып, еленуде. Бұл - өскелең ұрпаққа тәлімі зор үлкен сабақ.
Бүгінде куә болып отырған қала, аудан, ауыл - бәрі бірден бола қойған жоқ қой. Осының бәрі өткен ағаларымыз бен апаларымыздың жасаған қажырлы еңбектерінің жемісі. Сондай елді-мекендердің бірі – Таран ауданының құрылғанына да 80 жыл толыпты. Таран – астықты өлке ғана емес, жайлауында төрт түлігін түлеткен қажырлы да қайратты еңбекқор халқы бар өңір. Бұл аймақ Қазақстан мен Ресейдің достық көпіріне айналған жер деп айтсақ болғандай.
Өлкенің өткенін, оның жарқын беттерін жан-жақты таныту арқылы нағыз елжанды азаматтарды тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Халқымызда: «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» -деген нақыл бар. Мен үшін де Таран елі, Таран халқы сондай ыстық. Себебі мен ең алғашқы еңбек жолымды осы жерден бастадым. Қазақы ортада өсіп-жетіліп, Алматыдағы «Ислам институтын» тәмамдап келген 21 жасар студент үшін, басқа ұлт өкілдері басым болған Таран ауданында өз қызметіме белсенді кірісе кету оңай болмағаны рас. Әйтседе, «уақыт емші» дегендей, біршама уақыт өткен соң, Таран халқымен танысып-білісіп, қоян-қолтық араласа бастадым. Бүгінде Таранға бара қалсам, өз ұлтымызды былай қойғанда, басқа ұлт өкілдерінің өзі жақын туысындай жайдары жүзбен амандасып-қауышамыз. Мұны мен үлкен жетістік, жоғары адамгершілік пен сыйластық деп түсінемін.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиінің бұйрығы бойынша 1999 жылдың қыркүйек айында осы ауданға бас имам болып тағайындалдым. Бұрын аудан орталығында арнайы мешіт болмаған. Сол уақыттағы басшы азаматтардың ұйымдастыруымен, жеке шаруашылық иелерінің демеушілігімен бұрынғы кинотеатр ғимараты мешіт үйіне беріліп, күрделі жөндеуден өтті. Аталмыш жылдың қараша айында аудан орталығында зәулім мешіт бой көтеріп, халыққа есік ашып, өз қызметін бастады.
Атқарылған игі іс ауданның рухани жағынан кемелденуіне қосылған үлкен үлес болды. Осы істердің басы-қасында жүріп, демеушілік танытқан ел ағаларына Алла разы болсын деп шынайы алғысымды айтамын.
Мінеки, осы мешітте алғаш рет жұма намазы оқылып, халыққа насихат айтыла бастады. Яғни асыл дініміздің құндылықтарын ұғындырып, Исламның ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.-ге келген адамзат баласын тура жолға бастаушы ең соңғы хақ дін екендігі насихатталды.
Әрине, жұмыс барысында бірталай қиындықтар орын алды. Әйтседе, қызметтің қай саласында болмасын өзіндік қиыншылығы мен ауыртпашылығы болатыны ақиқат қой. Бірақ сол қиындықтарға ұстамдылық танытып, төзімділікпен қарап, өз ісіңе деген жауапкершілікті арттыру қажет. Өйткені, өмірдің өзі адам баласына сынақ болып берілген. Сол сынақтарға сүрінбей, өмірден баз кешіп түңілмей, қайта сабырлық танытып, қажырлылықпен еңбек ету қажет. Себебі әр қиындықтың соңында бір жақсылық болары сөзсіз.
Данышпан Абай атамыз: «шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де бір антұрғандық»,-деп қайғы-мұңға түсіп, әрекетсіз жырақта қалуды, ақымақтық деп сипаттаған. Жер бетін басқан түннің қара түнегінен кейін атқан таңның арайлы шуағымен айналаның нұрға бөленетіндігі қандай ақиқат болса, әр қиындықтың артынан жеңілдік келері хақ. Кейін біршама қиындықтар артта қалып, шыдамдылықтың жемісін көре бастадық. Мешітімізге келушілер саны артып, отыздан астам мектеп оқушылары мешітімізден дәріс алып, діни атаулы күндер мен мерекелер, әсіресе, мәуліт мейрамы халықтық мерекеге айналып, мәре-сәре болатындай нәтижелі жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл да болса, Таран халқының дінін қастерлегендігі мен адами қарым-қатынастың дұрыстығынан болар.
Біз әрқайсымызды: «Мен елімнің гүлденуі үшін не істедім? Не істей аламын» деген ой әруақытта мазалауы тиіс. Ардақты пайғамбарымыз с.ғ.с. бір хадисінде: «Ең жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген адам»-деген. Сондықтан біз өз еліміз үшін аянбай еңбек етіп, Алланың берген ырыздық-несібесі үшін шүкір етіп, иманды да ибалы, намысты да жігерлі болып, қоғамға бір пайдамызды тигізіп, айналамыздағы мұқтаж жандарға қарайласып, қолымыздан келгенше жәрдем бергеніміз дұрыс.
Алғашқы еңбек жолын бастаған уақыттарда қолұшын беріп, дін насихаты мен мешітіміздің көркеюне үлес қосқан ақсақалды қарттар мен ақ жаулықты аналарыма, аға-апалар мен іні-қарындастарыма зор алғыс айтамын. Бұл елде 13 жыл қызмет атқарып, өзіме өмірлік тәжірибе жинап, жанұялы болып, үш перзенттің әкесі атандым. Таран халқына дән ризамын. Алла тағала баршасына мықты денсаулық, хайырлы істері нәтижелі де табысты болсын демекпін.
Қазіргі таңда Арқалық қаласында имамдық қызмет атқарудамын. Бұл елге де сіңісіп, қолдан келгенше, халыққа қызмет етудемін. Алла нәсіп етіп, қала халқының қолдауымен, әкімшілік аппаратының шешімі бойынша 2015 жылы «Жыл адамы» -деген марапатына ие болдым.
Бұл да елдің дініміз исламға деген түсінігі мен құрметінің жоғары болғандығынан деп түсінемін. «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» -деген сөз бар. Әрдайым дінімізді қадірлеп, Алланың бұйырған істерін орындап, тыйған істерінен аулақ болатын болсақ, Алла қаласа көптеген жетістіктерге кенелетініміз ақиқат. Жаратушы Раббымыз! Баршаңызды Өзінің сүйікті құлы, пайғамбарымыздың әрқайсымыз есеп беретін қиямет күні қолұшын беріп, шапағат ететін үмметтерінен болуды нәсіп етсін! Әмин!
Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болып, көк байрағымыз бейбіт ашық аспанда желбіреп, елімізде әрдайым тыныштық, береке-бірлік болсын!
Таран елінің 80 жылдық мерейтойы хайырлы құтты болып, өсіп-өркендей берсін. Ел азаматтарына берекелі ғұмыр, иглілікті істеріне толағай табыс, ауызбіршілік пен ынтымақ тілеймін!


Добавить комментарий


Защитный код
Обновить


Авторизация

Ваши комментарии

  • Александр К
    Достижения прикладной науки - это конечно хорошо, но самым главным, - фундаментальной наукой, никто не ...

    Подробнее...

     
  • Александр Шефер
    Остается надеяться на осуществление этого нужного проекта. История Тарановского района, на мой взгляд ...

    Подробнее...

     
  • Земляк
    В нашем селе каждый перекресток аварийно опасен. Дорожные знаки устанавливаются абы как. Кто принимает ...

    Подробнее...

     
  • Елена2607
    Это моя Любимая бабушка Рая! Самая добрая, самая терпеливая и с такой вот не простой судьбой. Моя ...

    Подробнее...

     
  • Матвей
    Асель, очень хорошая девушка... :-| лично ее знаю

    Подробнее...

     
  • Екатерина Петрова
    на периферии мы будем ждать уже не новую освободившуюся технику, естественно, в технически исправном ...

    Подробнее...

Обменник

курс валют

Яндекс.Метрика