- Подробности
-
Категория: №22 (10342) от 31 мая 2018 г.
-
Создано 31.05.2018 05:56
-
Просмотров: 5067
Иә, иә, нан бар жерде ән де бар. Жер-анадан берекелі өнім жинап жүрген жандарды демеп, оларға деген зор ілтипатын мәдениет саласының мамандары өз өнерлері арқылы білдіруді жөн көрді. Жерге дән сеуіп, елге нан беретін дихандардың бір күнін әнмен әрлеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнерпаздар қайда барып қайтты?
Сан жылдар бойы сусап жатқан даланы сары түске бояп, алқабына астық сеуіп жүрген жұмыскерлердің еңбегі өлшеусіз десек, артық айтқанымыз болмас. Оларға қандай марапат болса да, жарасады. Дихандар дала қайраткерлері деген лауазымға әбден лайық емес пе? Ықылымнан ырыздығын жерден терген сала өкілдері өздерінің мерекелерін жинау науқаны кезінде атап өткенімен, жыл сайын мәдениет саласының қызметкерлері қызу егіс науқанында да оларға тамаша тосын сый жасауды дәстүрге айналдырған.
Бірнеше күн бұрын мәдениет үйінің әртістері «Азия Алтын – 2000», «Майлин» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің еңбеккерлерімен жүздесіп, өздерінің шағын концерттік бағдарламасын ұсынып қайтты. Тыным таппай, дән себетін дала мамандарына жылы лебізін білдіруге арнайы барған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Құлжанованың да, өнерлі жандардың да қалың жұрттың қамын ойлап, қамбаны астыққа толтыруға өз үлесін қосатын жұмыскерлер қауымына айтар ақ алғысы көп. Шыны керек, күнделікті қызба тірлігімен жүрген шаруашылық үжымдары бір марқайып қалды. Жүректен шыққан әндердің еңбекқор кісілерді шаттыққа бөлегені қуантты, өнер иелерінің әуелете салған әндері көрермендердің жүрегіне жол тапты. Алла жазса, мәдениет үйінің қызметкерлері өңіріміздің өзге де шаруа қожалықтарына барып, өз өнерлерін паш ететін болады.