- Подробности
-
Категория: №22 (10342) от 31 мая 2018 г.
-
Создано 31.05.2018 06:05
-
Просмотров: 5043
Қазіргі кезде, ішкі көші-қон мәселесінде еңбек ресурстары мен демография жағында оңтүстік пен солтүстік аймақтар арасында теңсіздік орын алып келеді.Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан облысында ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, халықты біркелкі жайғастыру мақсатында еңбек күші мол аймақтан, еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне өз еркімен халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тығыздығы жағынан көш басында. Сол себептен де «екі қолға бір күрек» таппай жүргендер көп. Еліміз осы тұрғыда екі мақсатты жобаны жүзеге асыруды қолға алған болатын. Бұл солтүстік өңірді қазақыландыруға және халықтың жұмыспен қамтылуына бағытталып отыр. Яғни, еңбек ресурсының теңсіздігін реттеу қазақыландыру саясатымен қатар жүреді. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігін атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына арнайы тармақ енгiзiп, бұл мәселенi шешудiң оңтайлы жолдарын белгiледi. Ондағы мақсат – ел азаматтарын, әсiресе, халқы тығыз, жұмыссыздығы басым оңтүстiк тұрғындарын жұмыс күшi тапшы өңiрлерге қарай көшiрiп, экономикалық тұрғыдан қолайлы етiп орналастыру. Бастама сәтiмен жүзеге асса, қоғамдағы бiрқатар өзектi мәселенiң түйiнi тарқатылмақ.
Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік облыстардың тұрғындарын солтүстік аумақтарға ерікті негізде қоныстандыруға арналған жұмыстар біздің ауданымызда да жүргізіліп жатыр. Ол «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының аясында қолға алынған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Тамара Дүйсенова: «Көшу әр адамның жеке ісі. Ешкімді күштемейміз. Ниет білдіргендерге жол шығыны, баспана жалдауды айтпағанда, сол барған жеріне үйренісіп кеткенше, ақша береміз. Жұмысқа тұруын да қадағалап отырамыз», – деді. Біле берсеңіз, оңтүстік өңірде халық тығыз орналасқан екен. Оған қоса, балабақша, мектептерде орын тапшылығы, жұмыссыздық деңгейі жоғары. Сол себепті, министрлікте бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, олқылықтардың орнын толтыру керектігін жеткізді.
Бағдарлама аясында оңтүстік өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушылар жоқ емес, бар. Аталмыш бағдарламаны пайдаланып, жақында ғана Шымкент қаласынан қоныс аударған Жақсыбек Жұмабеков ауданымыздың Таран ауылдық округіне қарасты Журавлев ауылына көшіп келді. Бұл кісі бүгінгі күні үш баланы тәрбиелеп отыр. Алла жазса, балалар осы жақта білім алатын болады. Отағасы да қол қусырып отырмай, жанұясын асырау үшін өз ісімен айналыспақшы.«Өз басым, отбасымның солтүстікке көшіп келетініне ризамын. Солтүстік өңірде жайылым жер көп екен. Сондықтан, мал шаруашылығымен айналысуға толық мүмкіндік бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассың» демекші, келгеннен-ақ, мүмкіндігінше, көмектесіп жүрген жұмыспен қамту орталығына алғысым шексіз. Жалпы, жергілікті билік қолынан келгенін жасап жатыр. Бұдан артық не керек? Жақындарымның амандығы мен берекесі болғаны болса болды, әрі қарай қалғаны өзі келеді. Осындай игі істерді жасап отырған Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасы деп білемін.Үкіметтің бастамасы осылайша жоспар бойынша іске асырылатын болса, өзге жерлестерім де осы жаққа көшіп келуі әбден мүмкін. Қазіргі уақытта қажетті құжаттарымды жинап жүрген жайым бар. Барлық жұмыстарымды реттеп алған соң, Алла жазса, отбасымды да көшіріп аламын», - дейді Жақсыбек Жұмабеков (фотосуретте).
Ресми мәліметтерге сүйенсек, алдағы бес жыл ішінде Қазақстанның оңтүстік өңірінен солтүстікке он мыңдаған отбасыны көшіру жоспарланып отыр. Атап өтерлігі, осы бағдарлама бойынша ауданымызға қоныс аударуға ниет білдірушілердің жасы мен ұлтына, мамандығына шектеу қойылмайды. Дипломның болуы немесе жұмыссыз ретінде тіркелуі де шарт емес. Әзірше, ауданымызға оңтүстіктен көшіп келгендер қатары көп емес. Десек те, ниет білдіруші жандардың көбейетініне еш күмән жоқ. Барлығы да уақыттың еншісінде. Бұл іске жауапты мамандар көшіп келушілер міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етіліп, жұмысқа орналастырылатынын алға тартады. Оған қоса, әлгі отбасының әр мүшесіне бір реттік көмек берілетін болады. Жергілікті жұмыспен қамту орталығының мәлімдеуінше, жоспар бойынша біздің ауданымызға да биыл жиырма отбасы көшіп келмекші. Олар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй алу кезегіне тұра алады. Басқа да бірқатар жеңілдік бар.