«Нурикамал» әнінің шығу тарихы

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_41_41-2020_8.jpgИя, ескінің әні десек те, бір тыңдағаннан есте қаларлықтай, әсерлі әндер жетерлік. «Нурикамал» әнін естігенде толқымайтын қазақ жоқ шығар, осындай әсем ән кімге арналған және қашан туды десек, оның тарихы тереңде екенін көзі қарақты жұртшылық хабардар деп ойлаймын.


«Нурикамал» әнінің шығу тарихын ауданымыздың белгілі өнерпазы Марат Шоңғаловтан сұраған едік. Себебі, ауданымызда бұл әннің сахна төрінде шырқалуына септігін тигізіп жүрген жандардың бірі.
- Қасиетті Торғайдың текті қызы Нурикамал Жаңадала, Жарқайың деген Торғайдың Ақмола облысына өткен жерінде туған екен. Замандастарымен қатар өмірдің барлық ыстық-суығын көрген, кезінде келімсектер қаптаған заманда тырысып-тырмысып жүріп, көштен қалмайды. Арман қуып жоғары оқу орнын бітіреді, сол бала күнгі армандарының орындалғанына өзі де куә. Кәсіби маман ретінде өзін жақсы қырынан көрсеткен ол кеңес шаруашылығындағы қарапайым жұмысшыдан бастап, мемлекеттік қызметшінің барлық сатыларынан өтеді.
Оңтүстік Қазақстан облысында өтіп жатқан сондай жақсы күндердің бірінде жергілікті азаматтар Қозықұйрық мерекесін ұйымдастырып, табиғат аясына шығады. Небір әзілдер айтылып, өлеңдер оқылады, күй тартылып, ән шырқалады. Нурикамал отырыстың сәні болады. Шашы екі иығына түскен, қас біткеннің сұлуына талай жігіттер тамсана қарайды. Нурикамалға бір жігіт қарсы отырып қалады. Бұл Тұрдықылыш Ізтаев ағамыз болатын, кеш біткенше одан көзін алмаған Тұрдықылыш ағамыз үйге келген соң әрі-сәрі күйге түседі. Пианиноға келіп, ішінен бір әнді ыңылдатып, таңды таңға атырады. Бұны бағанағы табиғат аясындағы мерекеде бірге болған Тұрдықылыш Ізтаевтың жары Ханбибі де естиді, күйеуінің әсемдікке, әдемілікке ғашық болғанын сезеді, тыйым салмай, керісінше махаббат әнінің пайда болуына өз үлесін қосады. Таңғы бестер шамасында әлі пианино алдында отырған сазгер ағамызға ақын апамыз келіп, бағанадан айта алмай отырған әннің өлеңін шығарып әкеп береді. Осылайша, өлең жолдарында «Нурикамал, Камалым-ай, Күндей ашық жанарың-ай, Қолым жетпей, сөзім де өтпей, Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай» деген атақты жолдары бар, қазақ әнінің ішіндегі мықты әннің бірі – Нурикамал дүниеге келеді,- деп қысқаша тарихын айтып берді.
Бұл әнді алғаш болып Құрман Шойымбеков орындаған. Кейін Фариза Оңғарсынованың сұрауымен "Нурикамалды" Кенжеғали Мыржықпай шырқап жүрген. Бүгінде бұл ән халыққа Жұбаныш Жексенұлының орындауымен танымал.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане