- Подробности
-
Категория: №28 (10348) от 12 июля 2018 года
-
Создано 12.07.2018 07:26
-
Просмотров: 4489
Шілденің 5-ші жұлдызында аудандық мәдениет үйінің қабырғасында Астанамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған екі фестиваль өтті. «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мемлекеттік бағдарламасының аясында ұйымдастырылған «Менің қымбатты Астанам!» атты егде жастағы кісілердің, «Әнім сенсің – Астана!» балалар, жасөспірімдер шығармашылығының фестивалі жас дарындардың қатысуымен өткізілді.
Аталмыш фестивальдардың біркүндік бағдарламасы қарттарға да, жастарға да жаңа достар тауып, ауылдық округтердің мәдениетімен танысуға мүмкіндік берді. Кезінде сан-салада еңбек етіп, бүгінде зейнетке шыққан алғашқы фестивальдің қатысушыларының бірі Серік Шуинов «Жас қалам» әнімен сахна шымылдығын ашты. Бүгінде спорт және мәдениет ардагері болып табылатын Серік ағамыздың да, қазақтың халық әні «Көк өрікті» орындаған медицина саласының ардагері Жайылған Дүйсекеновтың да зор дауыстары, орындау шеберліктері көрермендерді тәнті қылды. Қатысушылардың ең үлкені Ефросинья Приходько жүректен шыққан «Мамины руки», «Цените тех, кто вас искренне любит» өлеңдерін жүрекке жеткізсе, республикалық «Астана Бәйтерек» композиторлар байқауының лауреаты, «Мәдениет үздігі» төсбелгісімен марапатталған мәдениет саласының еңбегі сіңген қызметкері Владимир Лущтың жетекшілігімен өнер көрсетіп жүрген «Сударушки» тобы да жиналғандарды ерекше әсерге бөледі. Мерекелік бағдарламаны жалғастырған Новоильинов ауылдық округінің «Рябинушки» тобы, Приозерный ауылының қатысушысы Клавдия Ульянова, Майский елді-мекенінің тұрғыны Надежда Чаплинских жан біткеннің жанын тебірентіп, толқытты, толғандырды. Наталья Вишниченко, Татьяна Браун, «С песней по жизни» және «Родные напевы», «Селяночка» вокалдық топтары үлкен сахнаның әртістері болмағанымен, орындау шеберліктерімен олардан кем түскен жоқ. Жалпы, іс-шара жылы ниетті, шын ықыласты жағдайда өтті, әсіресе, залдың ішінде сазды әуенмен тербелгендер көзге түсті. Фестиваль мәресіне жеткен соң, құттықтау сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің басшысы Раиса Овчарова өнерлі, жігерлі қарттар мен адагерлерге алғысын білдіріп, көпшіліктің алдында арнайы мадақтамалармен марапаттады.
Ардагерлер фестивалі балалар және жасөспірімдер шығармашылығының фестиваліне ұласты. Ауылдық округтерден келген 7-30 жас аралығындағы 23 қатысушы өнерлерін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Жан-жақтан келген орындаушылардың тыңғылықты дайындалғанын байқамау мүмкін емес. Тақырыптық фестивальдің сәніне айналған өнерпаздар ән таңдауына да үлкен жауапкершілікпен қарап, патриоттық рухтағы туындыларға екпін жасаған. «Талантты жандардың өнеріне тамсанып отырмын. Тіпті, бұл шараға келіп, марқайып қалдым», - дейді көрермендердің бірі Айым Құрманғалиева. Залда отырған көрермендер, расымен де, марқайып, сахнаға шыққан әр орындаушыны ду қол шапалақпен қарсы алып отырды. Жиналғандардың қолдауы оларға сенімділік берді десек, артық айтқанымыз емес. Қатысушылардың айтуынша, жастар ресурстық орталығының директоры Гүлбарам Тюлюбаеваның алғыс хаттары да оларға өзіндік қуат беріп, алдағы уақытта да әрі қарай шығармашылықпен айналысуға шабыттандырды.