«Жалғыз менің ғана еңбегім емес»

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_47_47-2018-1.JPGСүйінші! Қарашаның 7-жұлдызында облыстық мәдениет қызметкерлерінің кеңейтілген алқа мәжілісінде орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Гаухар Асанова кітапхана саласының үздігі деп танылып, мәдениет басқармасының басшысы табыстаған арнайы төсбелгімен марапатталды.


Кітапхана Гаухар Асанова үшін киелі орда іспеттес. Бұл кісінің еңбек жолы кітапханамен 2004 жылдан басталды. Оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір рөлін қалтықсыз атқарып келе жатқан руханият ордасында кітап пен кітапхананың тіршілігіне дем беретін кітапханашы, кейін әдіскер қызметінен бастаған Гаухар Жақсылыққызы осыдан бірнеше жыл бұрын басшы лауазымына тағайындалды. Осы кісінің жетекшілігімен кітапхана ұжымы заман ағымынан қалмай, барлық жаңашылдықтарды игеруден аянбайды. Олар көпшілік ойлағандай кітап берумен ғана айналыспайды, үнемі түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, өз басылымдарын шығарады. Гаухар Асанованың өзі өңіріміздің қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүреді. «Гаухар Жақсылыққызы - креативті, шығармашылық, адамгершілігі мол тұлға. Шыны керек, кітапхана үшін жаратылған сынды. Өз ісін жетік меңгерген, тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, ізденісінің, ой-өрісінің арқасында іскер, әрі жан-жақты басшы ретінде қалыптасқан адаммен етене жұмыс істеп жүргенімізді мақтан тұтамыз», - дейді кітапхана саласының мамандары.
Ауданымыздың кітапханашылары Гаухар апайға қандай құрметпен қараса, оның да ұжымына деген қарым-қатынасы өте жақсы десек, асырмалап айтқанымыз емес, оқырман. «Осындай дәрежеге жетіп, облыс орталығында марапатқа ие болу мен үшін күтпеген тосын сый болды. Биыл кітапхана саласына ерекше мән беруде. Мысалы, қыркүйек айында съезд өтті, алғаш рет облыстық деңгейде салтанатты түрде «Кітапхана ісінің үздігі», «Кітапхана саласының ардагері» сияқты төсбелгілерін табыстауда. Үнемі тасада қалатын кітапхана қызметкерлерінің еңбегін бағалағаны болар... Айтулы марапатты иеленгенімде ұжымыма да, отбасыма да шексіз алғысымды білдірдім. Себебі, «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» демекші, бұл жалғыз менің ғана еңбегім емес, ұжымымыздың еңбегі деп есептеймін. Жанұямның да өзіндік үлесі бар. Жасыратыны жоқ, үйдегі аура, жолдасым мен балаларымның жұмысыма деген қарым-қатынасы, түсіністігі мен қолдауы маған шабыт беріп, мені жаңа белестерге жетелейді», - дейді ауданымыздың абыройын асқақтатқан Гаухар Асанова. Кітапхана ісін дамыту жолында тер төгіп, жемісті еңбек етіп келе жатқан, мақтан тұтарлық үздік кітапханашымызды жеңісімен құттықтаймыз!


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане