«Мәңгілік елді бірге жасайық!»

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы атанды. Аз ғана жылда облыстар мен аудандардағы «Нұр Отанның» филиалдары, бастауыш ұйымдары Президентіміздің бастамаларына әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларын іске асырып келеді. Осы арқылы телегей тәжірибе жинақтаған «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты, облыстық депутаттар фракциясының мүшесі Айнаш Дадановамен сұхбаттастық.

- Айнаш Молдақышқызы, Президенттік «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің жұмысының басты бағыттары қандай? Съездер мен жиындарда қандай мәселелер талқыланады және партия жұмысына жаңа реформалар енгізіледі ме?
- Жұмысымыздың басты бағыттары жайлы айтар болсам, бастауыш партия ұйымдарының қызметін реттейтін негізгі құжат «Нұр Отан» партиясы» қоғамдық бірлестігінің бастауыш партия ұйымы туралы ереже болып табылатынын айтып кетуді жөн көріп отырмын. Онда ұйым қызметінің мақсаттары, міндеттері, негізгі бағыттары және партияның жоғары тұрған органдарымен өзара іс-қимыл нысандары айқындалған. Ережеге сәйкес, бастауыш партия ұйымының басты міндеттерінің бірі – пікірлестерді біріктіру және партияны жақтаушылардың ең көп санын тарту болып табылады. Сонымен қатар, бастауы партия ұйымының міндеттеріне қоғамдық пікір көшбасшыларын анықтау және оларды партиялық жұмысқа тарту кіреді. Айта кету керек, жергілікті халықтың проблемалары, дағдарыс жағдайлары, әлеуметтіңк қақтығыстар туралы, оның ішінде БПҰ құрылған ұйымдарда жедел ақпараттандыру міндеті жүктелген.
Уақыттың жаңа сын-қатерлері, Қазақстанның партиялық жүйесіндегі бәсекелестіктің өсуі партиядан партиялық брендті неғұрлым сапалы және белсенді ілгерілетуді, партияның жаңа жақтастарын тарту үшін пәрменді идеологиялық ықпал етуді, партия ішіндегі бірлікті нығайтуды және қазақстандықтардың өміріне оң әсер ететін нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған партиялық жобаларды іске асыруды талап етеді. Сондықтан, қолға алынған небір жобаларды, халықтың көтеретін мәселелерін талқылау, оларды шешу жолдарын табу мақсатымен облыстық, республикалық деңгейде жиындар, съездер өткізіліп тұрады. Біз міндетті түрде бастауыш партия ұйымдарын жандандыру тұжырымдамасын іске асырудың жол картасына сүйеніп, ағымдағы жағдайды талдау барысында бастауыш партия ұйымдары қызметінің мықты және әлсіз тұстарына, мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлеріне үлкен мән береміз.Мысалы, мықты тұстарды қолдау және сақтау партия жақтастарының санын ұлғайтуға, халықтың сенім деңгейін арттыруға және партияның саяси көшбасшылығын сақтауға ықпал етеді. Осы орайда, аудандық филиалымыз барлық мүмкіндіктерді, мықты, әрі әлсіз тұстарды, қауіптерді ескере отырып, жылдан-жылға жұмыс әдістері жетілдіруде, қарапайым халықтың сенімін ақтап, партия жақтаушылар санын арттыруда ауқымды жұмыс жүргізуде деп айта аламын.
- Партия жақтаушылары демекші, ауданымызда партия мүшелерінің саны артып келе ме? Партия мүшелерінің қатысуымен кездесулер, іс-шаралар өткізіле ме?
- Иә, партия мүшелерінің саны жыл сайын артып келеді. «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылдау кезінде біз құрамның сапалы болуын ескереміз. Алайда, жаңа мүшелерді қабылдаумен қатар мекен-жайдың, жұмыс орнының өзгеруіне, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты партия қатарынан шығатындар да бар. Сондықтан, ауданымыз бойынша партиялықтардың саны тұрақты екенін атап өту керек. «Нұр Отан партиясының Қостанай облыстық филиалының жұмысының жоспарына сәйкес, Таран ауданының филиалында партия мүшелерінің қатысуымен «Кедергісіз келешек – Будущее без барьеров», «Ардагерлерді ардақтайық- С заботой о старшем поколении», «Сәтті қадам» - «Путевка в жизнь» сияқты республикалық акциялар, тақырыптық қабылдаулар, байқаулар өткізіліп тұрады. Біз әрдайым аудандық ішкі саясат, білім беру бөлімдерімен, ардагерлер кеңесімен, жастар ресурстық орталығымен тығыз қарым-қатынас жасаймыз.
- Айнаш Молдақышқызы, халықтың партияға деген сенімі артып келе ме? Биыл аудандық филиалдың қоғамдық қабылдауына қанша адам келді? Сізге көбінесе қандай мәселелермен жүгінеді?
- Өз басым, қабылдауды күн сайын жүргіземін, ал, мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының, әділет басшылары азаматтарды аудандық газетте, әлеуметтік желілерде жарияланатын алдын ала құрылған кестеге сәйкес қабылдайды. Аудандық филиалымыздың төрағасы, аудан әкімі Қуандық Испергенов жеті қоғамдық қабылдау барысында отыздан астам тарандықтарды қабылдап, бірде-бір көтерілген мәселелерді назардан тыс қалдырған жоқ. Жылдың басынан бері қоғамдық қабылдауға 292 өтініш түсті, олардың 154-і оң шешімін тапты. Сонымен қатар, аудандық филиалымыз үнемі ауылдық округтерге шығып, жұртшылықпен тілдесуді жақсы дәстүрге айналдырған десе болады. Халықтың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты, әлеуметтік қорғау және жұмысқа орналасу мәселелерімен жүгінеді, материалдық көмек те сұрайды. Мен міндетті түрде мәселе туындаған елді-мекенге барып, көзбе-көз жүздесемін. Жеке тұлғалардың материалдық көмек көрсету бойынша өтініштерінің қиындықтар туғызатынын жасырмаймын. Өйткені, аудандық филиалдың қаржылай көмек көрсету мүмкіндігі жоқ. Десек те, кейбір жағдайларда жанашыр демеушілердің арқасында шешім табуға тура келеді.
Құрметті тарандықтар, кемеңгер Елбасымыз айтқандай, алдымызда биік белестер бар. Олардан алқынбай асу, белестерді барлықтай бағындыру – біздің өз қолымызда. Партиямыз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын. Мәңгілік елді бірге жасайық, ағайын!


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане