Жәрмеңкелердің ұйымдастырылуына көңіліңіз тола ма?

Күз күндері соңына таяғанда Тобыл кентінде азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 24-қараша күні вокзал алаңында аудан ауылшаруашылық тауар өндірушілердің қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті.


Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауылдық округтер тұтынушылар талғамына ет, сүт өнімдерін, жоғары және бірінші сұрыпты ұн, шұжық тағамдарын, балық, макарон өнімдерін, жұмыртқа, картоп, көкөніс, май, бал және тағы басқа өнімдерді ұсынған. Өнім базар бағасымен салыстырғанда 15 – 20 пайызға төмен бағамен сатылған көрінеді. Жәрмеңкеге ауданымыздың ғана емес, Қостанай, Рудный және Лисаков қалаларының ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің бірқатары да қатысыпты. Барлығы халық үшін ұйымдастырылған жәрмеңкеде 5 млн. 200 мың теңгеге өнім сатылған.
Өкінішке орай, тобылдықтар осы жолы аса белсенділік танытқан жоқ. Ел-жұрт жәрмеңкенің өтетіндігі туралы хабардар болмаған ба, әлде кәсіп иелерінің қоятын бағалары көңілдерінен шықпай ма? Мүмкін, жәрмеңкедегі өнімдердің сұрыптамасы сұранысқа ие емес шығар. Қалай десек те, жұртшылықтың қатары аз болды және қызығушылық танытпады. Дәстүрлі түрде өткізілетін жәрмеңке өңірлік тауар өндірушілердің өнімін өткізудің тиімді тәсілі болғанымен, олардың бірқатары пайдада қалу үшін Лисаков қаласына бағыт алып, қалған өнімдерін қалалықтарға ұсынуды жөн көрген екен. Жоспар бойынша тағы бір жәрмеңке Тобыл кентінде емес, аудан орталығында өткізіледі деп күтілуде. Айта кету керек, қолжетімді баға мен сапалы өнім жәрмеңкесінде Е.Өмірзақов атындағы және «Думан» мәдениет үйлерінің өнерпаздары ауылдықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, тамаша концерт қойды. Оқырман қауым, мұндай жәрмеңкелер есеп беру кезінде «өтті» деген қанат белгісін қою үшін емес, халық разылығы үшін ұйымдастырылатынын жадыңыздан шығармасаңыз. Ал, жәрмеңкелерге белгілі бір себептермен көңілдеріңіз толмаса, ұсыныстарыңыз болса, аудандық ауылшаруашылық бөліміне 3-66-44 телефон нөмірі бойынша хабарласа аласыздар.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане