Әжесін емдеу үшін медицинаны таңдады

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_24_2-24-2018.jpgУақыт өтеді, заман өзгереді, бір заңдылық сақталады –білікті, білімді адамдар әр заманда қажет. Медицинада тәжірибелі маманның орны бір бөлек. Ем өздігінен берілмейді, «ине» де өзінен салынбайды. Білімді, әрі білікті дәрігерлер және медбикелер әрдайым қажет. Сондықтан, бүгін де, ертең де медицинаны медбикелерсіз елестету мүмкін емес.

 

Біздің кейіпкеріміз Анар Серікбаева - Набережный ауылдық округінде алты жылдай жұмыс істеп келе жатқан елге сыйлы медбике. Медицина саласының мамандарының айтуынша, ол өз ісіне берілген маман. Анардың өзі адам бойында мейірімділік, жауапкершілік, адалдық және тұрақтылық сияқты қасиеттер болу керек деп түсінеді. Ол медицинаға жеті жасында адамдарға көмектесем, мейірбике болам деп келді. Бала Анардың мұндай шешімге келуі де бекерден-бекер емес екен. «Негізі мен балалық шағымда мұғалім болуды армандайтынмын. Бірақ, әлі есімде, менің әжем жиі ауыратын. Сол себепті, күн сайын үйге келіп, укол жасайтын ақ халатты жандарды күтетінбіз. Сонда әжеме «мен ертең есейгенде, медбике боламын, өзім-ақ саған уколды салып, емдеймін» дейтінмін. Кейін мектепті тәмамдаған соң, медициналық колледжге оқуға түстім. Үш жылдық оқуымды ойдағыдай аяқтап, қолыма дипломымды алып, бірден мамандығым бойынша жұмысқа кірдім. Бірнеше жылдан кейін Қазақстанға қоныс аудардық. Міне, содан бері осы ауылда қызмет істеп жүрмін», - дейді мейірімді де, сыпайы Анар Серікбаева.

Сұхбат барысында Анар Амантайқызымен әңгімеміз медбике жұмысының қыр-сыры мен қиындығы төңірегінде өрбіді. Оның айтуынша, оның әлі де үйренетіні мол. «Біздің жұмыста дәрігер науқасқа ем тағайындайды, ал сол емнің дұрыс берілуіне медбикелер жауапты. Мейірбикенің науқасқа қалай қарағанынан оның әрі қарай сауығып кетуі байланысты.Меніңше, жақсы медбике болу үшін көп нәрсе керек, бірақ ең бастысы –мейірімділік. Ал, сен науқасқа діңк-зірк етіп, дауыс көтерсең, қабағыңды түйіп алсаң, бұл салада ұзаққа бармайсың. Науқастың көңілін көтеріп, жылы сөз айтсаң, көңілі ауланып, ондай адамдарға ем де жақсы қонады. Бұл уақыт өте, тәжірибемен жинақталады», - дейді ауылдық медициналық пунктінің медбикесі Анар. Иә, расымен де, тәжірибе күнделікті жұмыспен келеді. «Жасына қарай ізет, еңбегіне қарай құрмет» деген өмірлік ұстанымы бар Анар Серікбаева сияқты абзал жандардан ем алып, ауылдықтар сырқатынан айығады емес пе? Осы кісінің төл мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына береке тілейміз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане