Ауыл тұрғындарын не мазалайды?

b_600_290_16777215_00_images_images_2018_31_31-2018-8.JPGӨткен аптада «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының жетекшілігімен ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасының, қоғамдық кеңес төрағасы және аудандық мәслихаттың депутатының қатысуымен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған әлеуметтік нысандардың бейімделуі бойынша қоғамдық бақылау тобы Тобыл кентіне және Новоильинов ауылдық округіне барып қайтты. Толығырақ біздің мақаламыздан оқи отырыңыз.


Облыстық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Айнаш Даданова Новоильинов ауылдық округінде қоғамдық қабылдау жүргізіп, осы өңірдің жанашыр тұрғындарымен тілдесті. Кездесу барысында Айнаш Молдақышқызы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы жайлы айтса, аудандық мәслихаттың депутаты Наталья Руднева аталған бастаманың төртінші бағыты, аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Раиса Овчарова екінші бағыт бойынша түсіндіру жұмысын жүргізді.
«Біз бүгін сіздермен көзбе-көз жүздесіп, әрқайсыларыңызбен жеке-жеке емес, барлығыңыздың бастарыңызды дөңгелек үстел басында қосып, сіздердің мұң-мұқтаждарыңызды тыңдай отырып, мүмкіндігімізше, көмек қолымызды созу үшін келдік», - дей келе, Айнаш Даданова көтерілген мәселелерді қаперге алып отырды. Сонымен, ауылдық округтің тұрғындарын не мазалайды? Қабылдау кезінде ауылдықтар, ең алдымен, дәріхананың жоқ екендігін тілге тиек етті. «Дәрі-дәрмек керек болса, қайда барамыз? Қалаға баратындай екінің бірінде көлік жоқ қой. Бұрын дәрілерді фельдшерлік-акушерлік пунктімізден сатып алатын едік, ал қазір оның аты да, заты да жоқ», - дейді жиналғандар. Ауылда дәріхана ашу үшін арнайы кабинет пен құрал-жабдықтар болуы тиіс, міндетті түрде лицензия алу керек. Оған қоса, бұл іспен фармацевтикалық білімі бар маман ғана айналыса алады. Дәріхана ашу оңай іс емес, өйткені ғимаратты жабдықтаудың өзі қомақты қаржыны талап етеді. Иә, бұрын фельдшерлік-акушерлік пункт болғанда дәрі-дәрмектер қолжетімді болатын. Ал, қазір аталмыш пунктерде дәрілерді сату ҚР Заңымен рұқсат етілмейді. Ауыл жастарының бірі медициналық немесе фармацевтикалық білім алып, кейін ауылына оралып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін несие алса ғана мәселе шешілер еді. Шыны керек, ауылдық округте дәріхана ашу үшін сырттан ешкім келмейді ғой.
Жиналғандардың айтуынша, Тобылдан әкелінетін газ баллондары пайдалануға жарамсыз, ауылда халыққа қызмет көрсететін газ слесарі де, электрші де жоқ. Сонымен қатар, Октябрьский, Козыревка жаққа баратын жолдың сапасы да жамағатқа ыңғайсыздық туғызады. Бірінші топтағы мүгедек болып табылатын жолдасын күтіп, мүмкіндігі шектеулі ұлын бағып-қағып жүрген келіншек жеке мәселесімен бөлісіп, Қостанайға бару үшін оларды көлікпен қамтамасыз етуге көмектесуді сұрады. Ал, Айнаш Даданова өз тарапынан оларға жәрдемдесіп, көлік ұсынуға уәде берді.
Дәл осы күні жұмыс сапарымен ауылдарды аралаған кісілер әлеуметтік маңызы бар нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаншалықты қолжетімді екендігін анықтау мақсатымен пандустарды, мүгедектерге арналған автотұрақтарды да қарап шықты. Олар ауданымыздың мүгедектер қоғамының төрағасы Павел Абрамовпен және оның ұжымымен де кездесті. Тобыл кентінде автотұрақ, «Ника» таксиін ашқан Павел кәсіпкерлік қызметі жайлы әңгіме қозғап, жұмысқа мүмкіндігі шектеулі жандардың да қабылданғанын алға тартты. Айнаш Даданова, Раиса Овчарова, Наталья Руднева, Мақаш Таймасов Новоильинов ауылдық округінде тұратын бірінші топтағы мүгедек Павел Паслен мен милық салдануы ауруына шалдыққан Данияр Мырзагуловтың шаңырағына да барып қайтты. Даниярдың анасы үйге су өткізуді және он үш жастағы баласы үшін электркөтергі сатып алуды сұрады. Су мәселесі бірден шешілді, жылдың аяғына дейін су таратқыш үйге дейін өткізілетін болады. Ал, электркөтергішті бір айдың ішінде жергілікті меценаттардың демеушілік көмегімен сатып алуға тырысады. Айта кету керек, олардың тарапынан шағымдар түскен жоқ, қайта олар әлеуметтік қызметкерлерін, соның ішінде Зубира Исмагуловаға және аудан орталығынан арнайы ат терлетіп барған қонақтарға көңіл бөлгендері үшін, азық-түлік қоржындары үшін алғыстарын білдіріп жатты. Қоғамдық бақылау тобы мұнымен шектелмей, тыл еңбеккерлерінің, жалғызбасты және мұқтаж адамдардың амандығын біліп, Тобыл, Богородский, Мирное елді-мекендеріндегі фашизм тұтқындарымен де әңгімелесіп қайтты.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане