Жүгірумен дұрыс шұғылданыңыз!

Адам денсаулығына пайдалы жаттығулардың бірі – жүгіру. Десе де, жүгірмей тұрып арнайы жаттығулар жасап, денені қыздырып алған дұрыс. Жүгіруді жылдам бастап кетуге болмайтынын спорт мамандары ескертіп келеді. Орынбор бастауыш мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Жеңіс Жұмашевтің кеңестерін оқи отырыңыз.


«Жүгіру алдында отырып-тұру жаттығуын жасауды естен шығармаңыз. Сондай-ақ, жүгіру алдында тізеңізді жоғары бүккен бойда қолыңызбен қапсыра ұстап, бір аяқпен тұру да пайдалы», - дей келе, Жеңіс Жұмашев оқыс қозғалыс кезінде жарақат алмай, нәтижені жоғарылату үшін жүгіру алдында орындалатын бес жаттығуды атап өтті. Ең алдымен, жамбасты жазу керек. Ол үшін алға қарай 45 градуста иіліп, тізені бүгіп көкірек тұсына тигізіңіз. Артынша жиған тізеңізді (артқа қарай тепкен секілді) артқа қарай жылдам жазыңыз. Жіліншік жазу жаттығуын орындау үшін тік тұрған бойда тізеңізді бүгіп, бөксеңізге жеткізе бірнеше минут ұстап тұрыңыз. Артынша екінші тізеңіздің жіліншігіне де осы жаттығуды жасаңыз. Сан бұлшықеттерінің жаттығуын жасағанда, тік тұрған қалыпта тізеңізді көкірегіңізге тигізіп, бірнеше рет қайталаңыз. Содан соң екінші тізеңізді де көкірегіңізге жеткізе орындаңыз. Бел мен жіліншік жаттығуы жайлы айтар болсам, тік тұрған қалыпта бір аяғыңызды беліңізбен бірдей деңгейде ұстап, тізеңізді бүгіп-жазу жаттығуын жасаңыз. Табан сүйектерін жазу жаттығуы - бір аяққа тұрған қалыпта, екінші аяғыңызды көтеріп, саусақтарыңызды бүгіп-жазыңыз.
«Спортпен айналысып, шынығатын болсақ, денсаулығымызға келтірер пайдамыз еселене түспек. Жүгіру барысында буындардың барлығы қозғалысқа түсіп, шынығады, адам ағзасы тазарады. Сондай-ақ, жүгіру жүрек қан тамырлар жүйесіне өте пайдалы. Қан айналымы жақсарады. Оған қоса, жүгіру иммундық жүйе мен орталық жүйке жүйесіне жағымды әсер етеді.Жүгіру — дене мүсініңізді сақтап, артық салмақтан арылу үшін таптырмас көмекші. Дұрыс тамақтанумен үйлестіре білсеңіз – денсаулық үшін пайдасы орасан болмақ», - дейді Жеңіс Шопанбекұлы. Айта кету керек, жүгірудің қарсы көрсетілімдері де бар. Жүгіргенде арықтау үшін нейлон іспетті киімдер кимеңіз, жүгіруді бастамас бұрын қант диабеті, жоғары қан қысымы және өзге де аурулары бар адамдар дәрігердің бақылауынан өтуі керек. Сондай-ақ, тамақ ішіп болған соң өте қарқынды жылдамдықпен жүгірмеңіз, жүгіргеннен кейін салқын су ішпеңіз, жұқа табанды, мокасин аяқ киімдермен және күннің аптаған ыстығында ұзақ уақыт жүгірмеңіз.


 
Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане