- Подробности
-
Категория: №16 (10336) от 19 апреля 2018 года
-
Создано 18.04.2018 13:56
-
Просмотров: 4778
Бірнеше күн бұрын аудандық сотта мал ұрлауды кәсіпке айналдыра бастаған азаматтарға қатысты ашық сот отырысы өтті. Бірнеше эпизодты қылмыстық іс немен аяқталды?
2017 жылдың 12 тамызында Новоильин ауылының маңайында жүрген азамат А. пайдақорлықпен азамат Л. тиесілі тоғыз қойды ұрлап алған. Екі айдан кейін түнгі уақытта алдын ала келісім бойынша бір топ тұлғалармен осы ауылдың тұрғынының үйінің қорасынан тағы бес қой ұрлайды. Тағы екі ай өткен соң, жеңіл ақшаға құмар болған А. новоильиндық Д. деген азаматтың ноутбугын ұрлап алып, түк болмағандай жүре береді. «Ұры – бір түнде бай, бір түнде кедей» демекші, баюдың амалын тапқан А. қорқыныш сезімінен мүлдем айырылса керек, бір топ тұлғалармен жергілікті мал шаруашылығы комплексінің базасынан төрт қой ұрлайды. «Ұры қосыларда ауыз жаласады» деген осыдан шыққан болар, 2018 жылдың қаңтарында ұрлық жасауға машықтанып алған жігіттер үш қой, үш серке, екі күркетауық ұрласа, келесі айда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрт қойын қымқырып алады. «Ұры малға байымайды, қомағай асқа жарымайды» емес пе? Десек те, ұрлықтың соңы қоқыраулы.
Аталмыш қылмыстық істің анық-қанығына жету барысында сот төрағасы Сабыр Тажкенов (фотосуретте) мемлекеттік айыптаушы Мейірхан Шалабаевты да, қорғаушы Дана Досмұхамедованы да, жәбірленушілер мен сотталушыларды да тыңдап, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша бір топ ұрлықшылардың әрқайсына сот үкімін шығарды. Екі жақ та жанжалдарды баламалы түрде шешудің жеңіл түрі болып табылатын медиацияға жүгінгендіктен, қылмыстық іс бойынша өндіріс тоқтатылды.
«Ұрлық түбі – қорлық». Десек те, бүгінгі таңда түрлі себептермен қылмыс деңгейі өршіп тұрғаны жасырын емес. «Ойнап жүріп, от басқандар» түптің-түбінде жазасын алады. Осындайда оқырманға өмірде болған бір жағдайды ұсына отырып, мұндай олқылықтарға бой алдырмауды ескертеміз.