- Подробности
-
Категория: №19 (10339) от 11 мая 2018 года
-
Создано 11.05.2018 06:13
-
Просмотров: 3034
Отан қорғаушылар күнінің қарсаңында, яғни 3-мамыр күні «Нұр Отан» партиясының қолдауымен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қабырғасында «Көңілді старт» эстафеталық ойыны өтті.
Аталмыш жарысқа әлеуметтік саладан «Адреналин», аудандық ішкі істер бөлімінен «Максимум», Таран ауданы әкімінің аппаратынан «Арлан», мәслихаттан және «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалынан «Қырандар», ауылшаруашылығынан «Жеңіс», білім беру бөлімінен «Позитив», экономика және кәсіпкерлік бөлімдерінен «Умники» атты жеті команда қатысты. Аудандық деңгейде ұйымдастырылған спорттық доданың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімі Қуандық Испергенов барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың әділ де, ымырасыз өтуіне тілек білдірді.
Спорттық доданың алғашқы минуттардан-ақ көңілді және тартысты өткені байқалды. «Допты аяққа қыстырып секіру», «Допты құрсаумен жүргізу», «Секіргішпен секіру» сынды басқа да тапсырмалардан сүрінбей өту үшін қатысушылар бар күшін салғанымен, әр кезеңде қарсыластарынан артта қалғандар да, озғандар да болды. Шыны керек, ойынның шарттары оңай болған жоқ. Десек те, намысшыл команда өкілдері мен белсенді жанкүйерлердің арқасында айтулы жарыс өте қызықты, әрі әсерлі өтті десек, артық айтқанымыз болмас. Жиналғандардың айтуынша, эстафетадағы жетістік көптеген себептерге байланысты, бірақ ең бастысы – әр команда өз ұйымшылдығын көрсете білді.
Сайыс соңында әділқазылар алқасы ұпай санын шығарып, қай команданың жеңгенін марапаттау рәсімінде жариялады. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша аудандық эстафетаның жеңіс тұғырына «Максимум» командасы» көтерілді. Ал, «Қырандар» командасы 2-ші орынға, «Адреналин» командасы 3-ші орынға орнықты. Жүлделі орындарға ие болғандар арнайы мадақтамалармен, төсбелгілермен марапатталса, қалған командаларға спорттық мерекеге қатысқаны үшін мадақтамалар табысталды. Осы жарысты ұйымдастырушы денешынықтыру және спорт бөлімінің атынан мерекелік көңіл-күй сыйлаған мәдениет бөліміне, жарыстың сәнін келтірген әр қатысушыға алғысымызды білдіреміз. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, кеңінен насихаттау мақсатымен өткізілетін іс-шаралар үнемі ұйымдастырылып отырады. Сондықтан, Сіз де жанкүйерлер мен қатысушылардың қатарын толықтырасыз деп үміттенеміз.