- Подробности
-
Категория: №21 (10341) от 24 мая 2018
-
Создано 23.05.2018 15:19
-
Просмотров: 6224
Қасиетті Рамазан айының басталуы қарсаңында ауданымызға алғаш рет арнайы екі қари, хафиз келді.
Қари дегеніміз – Құранды оқу ережелеріне сай оқитын діни адамдар. Негізі қари деген сөз араптың оқу деген етістігінен туындаған есім. Қарилар Құранды бастан аяқ жатқа білетін, оқу ғылымын жан-жақты меңгерген, аяттардың мағынасын терең ұғынған жандар.
Ауданға келген екі қари, хафиз Рамазан айы бойы жамағатпен бірге болып, Құран хатым жасайды. Құран хатым етілген мекенде алланың мол сауабы болады. Сондықтан, Рамазан айындағы уақыттарда, мүмкіндігінше, Құран қатым түсірген өте жақсы. Құран хатымды арнайы Құран қарилар түсірсе, нұр үстіне нұр болады. Сондай-ақ, олар сағат 19.00-ден - 21.00-ге дейін «Әйет» мешітінде Құраннан дәріс оқитын болады.
Биыл ауданымызға тұңғыш рет келген қари, хафиздер жас жігіттер. Алтынбек Қайымназар 1994 жылы, Музаффар Каюмов 1999 жылы дүниеге келген. Екеуі де оңтүстік өңірдің азаматтары. Олар «Кауам ад-дин әл-итқани әл-фараби ат-түркистани» республикалық қариларды дайындау орталығының Сабынды ауылындағы филиалы «Ләззат» атындағы медресесінде білім алып жатыр.
Алтынбек Раушанұлы 30 параны жаттап алған, Хафиз атанған азамат. 30 пара дегеніміз – 604 беттік Құранды жаттап алу. Хафиз дегеніміз - Қасиетті Құран Кәрімнің сақтаушысы, Құранды толығымен жадында сақтап алушы.
Музаффар Максудұлы 25 параны жаттап үлгіріпті. Алла Тағаланың қалауымен алдағы жылда 5 пара жаттап бітемін дейді.
Арнайы келген қос қариды Рамазанның алғашқы күнінде жамағатқа таныстырған аудандық «Әйет» мешітінің бас имамы Ислам Хамзин: «Діни басқарманың ұйғарымымен, облысымыздағы өкіл имамның келісімімен екі қари келіп отыр. Ортамызда болып, Құран хатым аударады. Бұл - аса сауапты шара. Сонау алыс - шалғайдан келген бауырымызға құрметіміз ерекше» деп атап өтті.
Шалғайдан келген қари, хафизді тарандық жамағаттар ыстық ықыласпен қарсы алды.