- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 25.12.2019 15:35
-
Автор: Майра ДҮЗБАЙҚЫЗЫ
-
Просмотров: 1060
«Ажар» мешіті имамы Бекмағанбетов Жасұлан Серікбайұлының және «Думан» Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тобыл кентінде орталық кітапханада Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы «Жеті рухани қазық» құжатын таныстырып, жалпы түсіндірме жұмыстары өткізілді.
ІІІ Имамдар форумында қабылданған бұл тарихи құжат адам бойында ізгі қасиеттерді қалыптастыра отырып, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта түсуге бағытталған. Жасұлан Серікбайұлы іс-шараға қатысқан Тобыл орта мектебі мұғалімдерін, кітапханашыларын және мәдени кызметкерлерді осы қасиеттерді насихаттау, ұлттық болмысымызға сіңіру жолында жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Бүгінгі қоғамның мұсылмандары ислам этикасын, ондағы адами құндылықтарды ұстана білуі қажет. Осындай тәлімі мол тұғырнамалар арқылы қоғамдағы тұрақтылық сақталып, рухани кемелдену жүзеге асады. Қазіргі қоғамымыздағы діни ахуал жағдайында ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, имани құндылықтарды дамытудың маңызы зор.
Жалпы, тұғырнама әрбір мұсылман адамның бойынан табылатын негізгі жеті қасиетті – имандылықты, отаншылдықты, білімге құштарлықты, бірлікқұмарлықты, еңбекқорлықты, мәдениеттілікті және әділдікті қамтиды. Адамның бойында бұл қасиеттердің бірі болса, екіншісі болмауы мүмкін. Сондықтан, бұл құжат қазіргі уақытта керек дүние. Болашаққа жетелейтін бұл қасиеттерді насихаттау, ұлттық болмысымызға сіңіру – Ұлы дала халқының рухани жаңғыруына жол ашары сөзсіз.