«Шығыстың ғұлама ғалымы»

b_600_290_16777215_00_images_images_2020_51_51-2020_6.jpgБиыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Ұлы ақын Абай атамыздың 175-жылдығына орай жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романымен бірге Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітабының таңдалғаны да жай емес. Осыған орай «Достық» мәдени-танымдық орталығының оқу залында жыл басында арнайы кітап көрмелері ұйымдастырылған болатын.


Кітап көрмесі «Шығыстың ғұлама ғалымы» деп аталып, әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, музыка және логика зерттеушісі, Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» деген атпен белгілі ғалым Әбу Насыр Әль-Фарабидың туғанына 1150 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Кітап көрмесіне ұлы ғұламаның өмір деректері, кітаптары, нақыл сөздері мен газет-журнал беттеріндегі жарияланған мақалалар қойылды.
Балалар абонементі әлемде және елімізде болып жатқан пандемиялық жағдайға байланысты оқырмандарға онлайн форматта виртуалды кітап көрмесін өткізді.
Әл-Фараби өміріне шолу жасайтын болсақ шығыстың әйгілі ойшылы 870-жылы Сырдариядағы Арыс өзенінің сағасында орналасқан Фараб (қазіргі Отырар) қаласында дүниеге келген. Қазақ топырағынан шыққан ұлы данышпанның толық аты-жөні - Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан әл-Фараби. Ғалым мұсылмандық философия ағымының негізін қалап, білімге деген құштарлығының арқасында «Екінші ұстаз» атанған.
Оның еңбектері аспан асты, жер үстіндегі ақыл-ой, парасат, ғылым мен білімнің кені сияқты. Тарихи деректерге жүгінсек Әл-Фараби 70-ке жақын тіл білген, алғашқы ноталардың авторы, шығыс және көне грек музыкасы туралы мәліметтерді топтастырған «Музыканың үлкен кітабы» атты музыка теориясы жөнінде ең маңызды еңбек жасаған. 150 ге жуық трактат жазып қалдырған. Оның трактаттары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Әбу Насыр Әл-Фарабидың өмірі мен шығармашылық жолының негізгі бөлігі араб халифатында өтті. Ол өзінің жазбаларында Бағдат қаласын «Ашық түсті әсем киінген, ғажайып әрі бақытты қала» деп сипаттады. Ойшыл адамдардан оңаша, жабық өмір сүруге тырысты, сарай өмірі оны аса қызықтыра қоймаған.
Әл-Фараби сексен жасында дүниеден озды. Ол Дамаск қабырғасының Кіші қақпасы жанында жерленген.
Ғалым «Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзінің абзал қасиеттерін тани алмайды, жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ, ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани сауаттылыққа жол ашылады»,-деген екен. Әл-Фарабидың ғылыми мұрасы шығыс пен батыстың ғылымы мен мәдениетінің дамуына үлкен ықпал етті.
Әл-Фараби –тек қазақтың ғана емес, қазақ халқы қалыптаса қоймаған кезеңде өмір сүргендіктен, бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға. Әл-Фараби мұрасы түркі халықтарын біріктіретін рухани негіз деп айтуға болады.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане