Медбике – мерейлі мамандық

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_1_1-2021_3.jpgАлғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетумен елді мекендердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуде шын мәнісінде әлеуетті мүмкіндігі мол мамандық – медбике мамандығы.


Карина Амирова Нагорный ауылында фельдшер болып қызмет атқаруда. Жас маман Қостанай жоғары медициналық колледжін тәмамдаған. Ауылына қайта оралған Карина, бүгінде мамандығы бойынша еңбек етіп, жақында жаңа үйге көшкен болатын. Иә, жас маман бүгінде ауылға толыққанды орналасты деуге болады. Өзі Калинин ауылдық округінің мектебінде білім алған белсенді жастардың бірі. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға белсене атсалысқаны да жасырын емес. Ауылында жақсы пікірге ие Карина енді еңбек жолын әрі тәжірбиесін ауылында арттыратын болады.
Расымен де, медицинаның негізгі күші саналатын медбикелер сырқаттың келіп түскенінен сауығып, аяғына тұрып кеткеніне дейін бәйек болады. Әйткенмен, медбикелердің еңбегі дәрігердің көлеңкесінде қалып, елеусіз қалатыны және бар.
– Сырт қарағанға медбике қызметі қиын жұмыс тәрізді көрінбейді. Бірақ, медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Егуін жасайды, дәрісін уақытылы береді, төсек-орын, ас-ауқаты, хал-ахуалын күні-түні бақылап, науқасқа қарайтын медбикелер. Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Әр емнің өз уақыты бар, соны ұстану керек, таза жүру керек. Тағы бір қажет нәрсе – білім. Жалпы барлық маманға білім керек, медбикелерге ол екі есе қажет деп есептеймін. Биыл мерейімді көтеріп, үйлі болдым. Толыққанды жағдайым жасалынды десем болады. Өз ауылыма оралғаныма еш өкінбеймін. Жаңа жылды жаңа үйде қарсы алып, мәзбін,- дейді ол.
Жас маман бүгінде ауылына оралып, тұрғындарына көмек қолын тигізіп жатқанына қуанады. Расымен де, қарапайым ғана жұмыс болып көрінгенімен, медбикелер атқаратын жұмыс асқан жауапкершілікті қажет етеді.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане