Полиция қызметкері-үйінің тірегі

b_600_290_16777215_00_images_images_2021_5_5-2020_3.jpgПолиция, дәрігер, мұғалім – қоғамның айнасы. Бұл мамандық иелерінің абырой-беделі тікелей ел сенімімен өлшенеді. Әлдебір тұстан мүлт кетсе, бірден көзге түсетін де осылар.
Ал, полиция қызметкері жұмыстан тыс, отбасында қандай жан екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Жұмыста үлкен жауапкершілікпен, әрқашан жігерлі болып жүретін полиция қызметкерлері отбасында мүлдем басқа жан болулары мүмкін.
Бүгінгі санымызда полиция қызметкерінің бейнесі отбасында қандай екенін білу үшін Бобжиковтар отбасымен жақынырақ таныстыратын боламыз. Ия, бұл отбасының үйленгендеріне 9 жыл болған. Қазіргі таңда Ануар мен Гүлнұр 2 баланың ата-анасы болып отырған бақытты жандар. Отбасында мейірімге толы естеліктер көп екенінде жасырмады. Ануар мырза Наурызым ауданының тумасы, ал, Гүлнұр Торғай жерінде дүниеге келген. Бірін-бірі сүйіп қосылған жандардың қалай жолыққандары туралы сұрап, білгенбіз:
- Қазіргі таңда мессенджер деп айтып жатамызғой, біздің кезіміздегі «Агент» ғаламтор желісінде танысқан болатынбыз. Бірақ, бір-бірімізді сырттай танитынбыз. Сол кезде мүмкін ұялдық па, онша қатты сөйлесе қоймайтынбыз. Деседе, тағдыр бір-бірімізді қосты,- дейді Гүлнұр ханым.
Бұл екі жанның мамандықтары да, таңдаған жолдары да тым бөлек. Ануар мырза полиция қызметкері болса, Гүлнұр ханым филилогия бағытында жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі таңда «Тілдерді оқыту орталығының» білікті де білгір маманының бірі. Ануар мырзаның жұмысы салмақты һәм жауапты әрі қауіпті мамандықтардың бірі. Қоғамның тыныштығын қадағалайтын бұл мамандық иесі, өзінің жанын кез-келген жерде таразыға қоюға дайын. Себебі, ел тыныштығы дәл осы жандардың қолында десек артық айтпағанымыз. Дегенмен, Ануар мырзаның отбасында мүлдем бөлек жан екенін байқауға болады. Балаларына деген қамқорлығы өте ерекше жан екен. Өзінің бос уақытын отбасына бөлуге асығатын жандардың бірі.
- Қанша жерден жұмыстан шаршап келсекте, біршама уақытымызды отбасымызға арнауға тырысамыз. Себебі, отбасы біз үшін әрқашанда бірініші орында тұрады. Түнгі ауысымнан шаршап келсемде, балаларыма, жұбайыма көрсетпеуге тырысамын. Себебі, балаларымыздың мейірім мен отбасы жылулығында өскендерін қалаймын. Балаларым қазірден бастап менің мамандығымның қаншалықты ауыр екенін, әрі жауапты екенін сезіп өсуде. Балаларымның алдағы уақытта адал еңбек етіп, болашақта жемісін көргенін қалаймын. Сондықтан дұрыс тәрбие беріп жатырмыз деп есептеймін. Ата-анамның жанында болғандықтан, алдағы уақытта әлі талай биіктерді бағындырарларына сеніміміз мол,- дейді Ануар мырза.
Отбасының ғана емес, елінің қорғаны болып отырған Ануар мырза мереке күндері жұбайы мен қатар анасын, қарындастарын қуантып жүруге тырысатын жан екенін білдік.
Тәртіп сақшысының бойында ең қандай қасиеттер болуы тиіс? Біз кейіпкерімізден осы сауалдың жауабын сұрап көрдік.
– Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар жаңылысады. Себебі, полиция қызмкеткерінің басты ұстанымы – өз ар-ожданының алдында таза болу, қандай қиындықтар, кедергілер болса да шыдау. Ал, бұл – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Өмір деген қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Полиция қызметкерінің міндеті – заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ,- дейді Ануар.
Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Дәл осы салада еңбек етіп жүрген Ануар мырзаға адал еңбегінің жемісін көріп, отбасының тірегі болып жүре берсін демекпіз!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане