Жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір отбасы

b_600_290_16777215_00_images_images_2022_17_17-2022_10.jpgОсыдан сан жылдар бұрын елімізге қоныс аударылып келген талай ұлт өкілдері бүгінгі күні біздің аймақты да мекен етуде. Олардың тілі басқа болғанмен, тілегі бір, жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір. Осындай жандар арасында бір-бірімен көңілі жарасқан интернационалды отбасылар аз емес.
Сондай отбасылардың бірі Тахмазовтар. Олар аудан орталығы Әйет ауылында тату-тәтті өмір сүруде. Отағасы Тахмазов Тимур Салех оғлы аудан орталығымен іргелес Николаевка ауылының тумасы. Отбасының ұйтқысына айналған, Алла берген үш бала дүниеге әкеліп, алтын құрсақ ана атанған Тахмазова Милана Елбурусқызы ұлты әзірбайжан. Тимур көлік жөндеумен айналысса, Милана бала күтімімен, сондай-ақ бос уақытында маникюр жасауды кәсібіне айналдырған. Салех пен Заур есімді ұлдары, Мелек есімді қыздары бар. Отбасы мүшелерінің барлығы қазақ тілінде сөйлесіп, қазақтың салт-дәстүрін назардан тыс қалдырмайды.
–Біз отбасымызбен қазақтың салт-дәстүрін ұстанамыз. Мен әзірбайжан халқының да мерекелерін қалдырмай атап өткенді жөн санаймын. Барлық ұлттармен бір үйдің балаларындай бөліп-жармай араласып тұрамыз. Біздің отбасылық достарымыздың көпшілігі әр түрлі ұлт өкілдері. Осы күнге дейін жатсыну деген болған емес, - дейді Милана.
Жұбайының сөзін қолдаған отағасы Тимур: «Біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар – бір туған жердің балалары. Біз бәріміз – біртұтас Қазақстан халқының тең құқылы балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады – бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Бәріміздің мақсатымыз бір – біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі» деп ел ағалары айтқандай, біз еліміздің қарыштап дамуына бар күшімізді салуымыз қажет. Мұны өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың бойына сіңіруден де кенде емеспіз. Ел ағалары салған сара жолда еңбек етіп, жыл сайын өсіп –өркендеуіміз қажет, - дей келе, «жас ұрпақтың болашағы жарқын болсын, бейбітшілік ортаймасын» деген тілегін жеткізді.
Әйет ауылында бір шаңырақ астында бас қосқан түрлі ұлт өкілдері осылайша бақытты өмір сүруде. Олармен дидарласып, әңгімелесу барысында әрқайсының жүрегі қазақ деп, елім, жерім деп соғатынын байқадық. Тәубе! Бұл – біздің Тәуелсіздікпен бірге жеткен сыйымыз. Ендігі уақытта бұл құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жалғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане