Ауданда ауыз су мәселесі оң жолға қойылып келеді

b_600_290_16777215_00_images_images_2022_38_382022-4.jpg

Үкімет соңғы жылдары халықтың әл-ауқа­тын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсар­туға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарла­ма­ларды қабылдап, жүзеге асырып келеді. Соның маңыз­ды бірі ауыз су мәселесі болып табылады.
Ибн Синаның “Ауру көбінесе ішкен астан пайда бо­лады, соның ішінде, әсіресе, ауыз судан болады” деп ескерткеніндей, халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы зор.
Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі, бұл – Мемлекет басшысының үстіміз­дегі жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жол­дауын­дағы басым бағыттардың бірі. «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек». – деді Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында.
Жалпы, су ресурстары мәселесін кең көлем­де қарастыратын болсақ, ХХІ ғасырдағы Қа­зақ­стан үшін оның ең толғақты тақырыптар қата­рына шығатындығын байқаймыз. Қазіргі күні тұщы су көздерінің мәселесі, соның ішінде халықтың таза ауыз сумен қамтылуы жайы жер шарындағы экологиялық ахуалдың ушыға түсуі­нің аясында адамзаттың ортақ проблема­сына айналды. Көпте­ген сарапшылар ендігі кезекте ел мен елдің, өңір мен өңірдің арасында болуы мүмкін дау-жанжалдар нақ осы мәселеден өрбуі мүмкін деген қауіп айтады. Демек, әр мемлекет өздеріндегі су ре­сурс­тары мен оны тиімді және үнемді пайдалану ісіне алдағы уақытта барынша мән бере түспек.
Осының барлығынан ел басшылығының халықты таза ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр.
Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесі ауданымызда жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатыр.
Аудан аумағындағы Набережный, Калинин, Новоильинов ауылдық округтерінде, Тобыл кентінде, Приозерный, Әйет ауылында ауыз су мәселесі әлдеқашан қолға алынып, оң нәтижесін беріп келеді. Май, Красносельскі ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамту жұмыстары биылғы жылы қолға алынды. Май ауылындағы жұмыстар келесі жылы аяқталатын болса, Красносельскі ауылының су құбырын жыл аяғына қарай тұрғындардың пайдалануына бермек. Асенкритов ауылындағы ауыз су мәселесін оңтайландыру биылғы жылы қолға алына бастады. Алдағы жылы тиісті қаржы бөлінсе, су құбырының жұмыстары басталмақ.
Иа, су – тіршілік көзі. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты екенін жоғарыда айттық. Жұртшылықтың талап-тілегі де біреу. Ол ауыз судың сапалы әрі қолжетімді болуы.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане