Әскери борыш – абыройлы міндет

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_18_182023-13.jpg

Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны.
Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Әңгіменің басынан-ақ тақырыптың аясы аян болған шығар баршаға. Қазақта «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Әсілінде, Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. Қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. «Борышымды өтеймін» деген жас өрендер былтыр әскерге аттанғантын, солардың бірі – Бейімбет Майлин ауданы Әйет ауылының тумасы Ибраев Диас Берікұлы 2002 жылы туған. Арнайы орта білімі бар, повар кондитер Диас Берікұлы 2022 жылы әскерге шақырылып, Әуе қорғаныс Күштерінде Алматы облысының Жетіген әскери бөлімінде 5 ай, одан Маңғыстау облысы Ақтау әскери бөлімінде 7 ай әскери міндетін атқарып, биыл туған жеріне оралды.
- Алға қойған арманым көп. Соның бірі – өз еркіммен Отан алдындағы борышымды адал өтеп, үлесімді қостым.Еліміздегі кез келген азаматтың Отан алдындағы борышын өтеу – қасиетті парызы саналады. Әскер – бізді шынықтырады, шыңдайды. Көп арманымның бірі орындалғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта білімімді шыңдаймын. Елім үшін еңбек етемін. – дейді сарбаз Диас Берікұлы.
Отан – әрқайсымызға ортақ құндылық, біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан», – деген сөз әрбір Отан қорғаушының жүрегінен орын, мінезінен қайсарлық табады. Отан алдындағы борышты өтеу, бұл – әр азаматтың абыроймен атқаратын міндеті. Халқымыздың қаһарман ұлы ­Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген өшпес өсиет қалдырды. Бұл өсиет әр сарбаздың көкейге түйетін қағидасына айналуы тиіс. Елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың орнауы, көк аспанымыздың жарқырауы да – сіздерге байланысты сарбаздар. Сіздер әскери міндетті адал орындау арқылы кейінгіге үлгі боласыздар. Әскери борышты өтеу үлкен сын. Сол сыннан сынбай, біздің әрбір жастарымыз, ел қауіпсіздігі үшін абыроймен қызмет ететіне сенім мол.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане