- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 18.05.2023 07:29
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 574
Еліміздің күнтізбесінде айтулы мерекелер саны баршылық. Соның ішінде күнтізбе парағындағы– Отбасы күні. Бұл күннің мерейлі мереке екенін сезіндіретін құтты шаңырақ иелері. «Әке сөзі оқ» демекші, оттай атылған сөздері әрбір баласына мирас болып қалады.
Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды ұя. Шаңырақтың бақыты – әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы. Өйткені, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана –отбасының ұйытқысы, жылуы, алтын қазығы. Сондықтан, келешек ұрпаққа дәстүр сабақтастығындай отбасы құндылықтарын насихаттау - ауадай қажет дүние.
Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі, адам баласының алтын діңгегі. Әрбір некенің мызғымас берік болуы үшін ерлі-зайыптылар арасындағы ауызбіршіліктің алар орны ерекше. Татулықты ту етіп, шаңырақтағы ырыс пен ынтымақты еселеу жолында сіз-біз десіп, сыйластықта өмір сүріп келе жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – Тобыл кентінің тұрғындары Сыздықовтар отбасы.
Отбасы күні қарсаңында «Думан» Мәдениет үйінің ұжымы «Отан отбасынан басталады» тақырыбы аясында Тобыл селолық кітапханамен бірлесіп, отбасымен кездесу кешін ұйымдастырды. Отбасының тірегі, асқар тау әке – Сыздықов Әлім Тайшықұлы шараға ұл-қызын ерте келіп, өнегелі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, жұбайымен бірге қуанышты күндер мен қиын сәттерде бір-біріне сүйеу болып өткізген шақтарды әсерлеп баяндап берді. Сұхбат барысында теміржолшы әке Әлім Тайшықұлы бала тәрбиесі төңірегінде ой қозғады. Бала тәрбиесінде ең маңыздысы – тәртіп пен сапалы білім бере білу деген ұстанымды ұстанған ол: «Отбасы- бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан туған үйдің жылуы- оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Баланың білім алғанын жұбайымызбен қатты қадағалаймыз. Тәрбие тәртіптен басталады. Қызығушылықтарын арттырып, көмектесіп отырамыз. Қазірдің өзінде тек жетістіктерімен қуантуда. Алдағы күннен үмітіміз зор»,- деп жылы шырай танытты. «Отбасы іргесінің берік болуы ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықта. Бір-біріне деген сенімділікті жоғалтпау шаңырақтың шаттығын еселей түседі»,- дейді, бала тәрбиесімен айналысып, баланың қызығушылығымен бірге дайындалып және дайындап жүрген Әсел Сағындыққызы.
Әлім Тайшықұлының қызы Ақбота әдемі би орындаушы ретінде жақсы таныс. Би өнерін көрермендердің жүрегіне жеткізетін Ақбота кішкентай болса да халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық би өнерінен зор марапаттарға бөленіп үлгерген. Досбол көркемсөз оқу шебері, Ақжол спортты ұнатады, алдағы уақытта елімізді спорт дәрежесін көтеретін азамат болары анық. Арнұр мектеп табалдырығын биыл аттамақшы, ал Ақбаян балабақша тәрбиеленушісі. Мерекелік кездесу соңында Ақбота би биледі.
Кездесу соңында Мәдениет үйі ұжымы Сыздықовтар отбасына тәтті сыйлық тарту етті.
Қай заманда болсын берік отбасылық құндылықтар ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады. Баршаңызға зор денсаулық, береке-бірлік, жақсылық тілейміз. Шаңырақтарыңызға махаббат пен татулық салтанат құрсын!