- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 25.05.2023 06:15
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 489
Бүгінде еңбек адамын құрметтеу ел саясатының басым бағыттарының біріне айналып отыр. Мұндағы басты мақсат – өз кәсібін терең меңгеріп, табысын маңдай терімен тауып жүрген қарапайым азаматтарды елге таныстырып, олардың жарқын келбетін жасау, сол арқылы жалпы қоғамның адал еңбекке деген құрметін арттыру болып табылады.
Теміржол саласында аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Сондай жанның бірі – еселі еңбегімен ел ықыласына бөленген Жутабаев Марат Алдамұратұлы десек артық айтпаспыз. Марат Алдамұратұлы – көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Ол 1980 жылы Алматы теміржол институтына түсіп, 1986 жылы диплом алды. 1986-88 жылдары Совет Армиясы қатарында әскери борышын өтеген соң, 1988 жылдан бастап, теміржол саласындағы табысты еңбек жолы жалғасын тапты. Еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсті. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді. Бригадир, мастер, аға мастер, инженер, басшы орынбасары, директор қызметтерінде Қызылорда облысының Шиелі, Қазалы станцияларында, Атырау облысында, Қостанай облысы Тобыл станциясында еңбек еткен. Қазір Тобыл Локомотив пайдалану айналым депосында жөндеуден шыққан локомотивтерді қабылдаушы (приемщик) болып жұмыс жасайды. Білікті маманның көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Теміржол саласының дамуына қосқан ерен еңбегі үшін 12 бесжылдық жеңімпазы және Қазақстан теміржолы Құрмет мадақтамасымен, Шиелі ауданының Құрмет мадақтамасымен марапатталған. Елге сыйлы, халқына қадірлі ағамыз әрқашан да құрмет төрінен аласарған емес. Бүгінде береке дарыған әулеттен тараған төрт бала бір-бір үй болып, үлкені Шиліде ревизор, екінші ұлы проводник, қызы инженер болып, теміржол саласында табысты еңбек етуде. Бір қызы заңгер. Балаларына ақылшы әке, немерелеріне қамқор атаның 9 немересі бар.
- Тобыл локомотив депосында 450 ден аса жұмысшы бар. Тобыл станциясы Локомотив сервис орталығы мекемесіне келіп жұмыс бастағанымда Оралтаев Серік, Байнакатов Салават тағы басқа адамдармен қызметтес болдым. Ұжымда қазіргі уақытта жастар көп. Теміржол мамандығы бойынша диплом алып, жұмысқа орналасқан жас мамандар өз істеріне жауапкершілікпен қарайды. Оларға ағалық ақылымды айтып, жұмыстың қыр-сырын, теміржолшы, оның ішінде машинист, машинист көмекшісі қызметінің жауапкершілікпен атқаратын жұмыс екенін айтып отырамын. Болашақта жас теміржолшыларға өздерінің таңдаған мамандығының майталманы болып, еліне адал қызмет етсе деймін.-деп, тілегін білдірді Марат Алдамұратұлы.