Біздің театр жүлделі орын алды

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_22_222023-10.jpg

Тобыл қаласындағы «Алтын дән» Мәдениет сарайында белгілі сатирик жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрларының байқау-фестивалі өз мәресіне жетті.
Екі күн бойы Тобыл төсін думанға бөлеген сатира кешіне Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Тараз, Қызылорда, Павлодар облыстарынан келген әзіл-оспақ театрлары, жалпы 12 команда қатысты.
Біздің Қостанай облысының және Бейімбет Майлин ауданының намысын қорғап, Е.Өмірзақов атындағы Мәдениет үйінің Халық театрының ұжымы өздері таңдаған Сейіт Кенжеахметовтың туындыларын орындады. Ұжымның жетекшісі Мархабат Нокишов бастаған аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері, театр құрамындағы жастар: Танатқан Жүрсін, Айбек Балтабаев, Асан Ануарбеков және Мейрамбек Кенжебаев өз өнерлерін ортаға салды. Екі күнге ұласқан «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары байқауының бас жүлдесі Түркістан қаласынан келген театрының әртістері еншілеп, 500 мың теңгені жеңіп алды. Бірінші орынға Тараз қаласының театры иеленді. Жүлделі екінші орынды Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласынан келген әртістері. Үшінші орын мен Бейімбет Майлин ауданының Халық театры жеңіп, 250 мың теңгенің сертификаты және Алғыс хатпен марапатталды.
- Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Байқауды ұйымдастырған облыс әкімдігінің Мәдениет басқармасына, әділқазылардың, қатысушылардың және ұрпақтары атынан шын ризашылығымызды білдіреміз. Бұл фестиваль жыл сайын өтіп тұрады. Өйткені, Сейіт ағамыздың өзі кезінде қазақ сатирасының дамуына зор үлес қосқан кісі. Оның өлмес мұрасын кейінгі буын өкілдері де кеңінен насихаттай береріне кәміл сенемін- дейді театр ұжымының жетекшісі Мархабат Берікұлы.
Халық театры ұжымына шығармашылық табыс, асқақ абырой тілейміз. Әр жаңа қойылым биік белестерге бастап, әр сомдаулы рөл көрермен ұмытпас зор қошеметке бөленсін. Жетістіктеріңіз орасан, есімдеріңіз елеулі, істеріңіз берекетті болсын!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане