- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 15.06.2023 07:30
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 750
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Бұның бәрін «Ақ халатты абзал жандар» ғана бере алады. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үмітімізді жалғап өмірге деген құлшынысымызды арттырады. Медицина күні қарсаңында Тобыл кенті дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Тұрсынбаев Асет Құдабайұлымен сұхбаттасқан едік. Асет Құдабайұлы Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы 1 мамыр ауылы тумасы. Ол Қарағанды мемлекеттік медицина университетін 2012-20 17 жылы бітіріп, 2017- 2021 жылдары бакалавр жалпы медицина мамандығы, интернатура жалпы тәжірибелік дәрігер, резидентура отбасылық дәрігер мамандығын оқып бітірген. 2020- 2021 жылдары Абай қалалық орталық ауруханасында еңбек жолын бастаған. 2021 жылы қыркүйек айынан «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы Тобыл кенті дәрігерлік амбулаториясына жұмысқа орналасты. Жұбайы Захырова Жарқынай Шүкірқызы да дәрігер- терапевт, қазір баламен демалыста. Аділет,Ақниет деген 2 баласы бар. 2022 жылы Асет Құдабайұлы бағдарлама бойынша Тобыл кентінен үй алып, баспаналы болды.
- Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Қазіргі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жастарға көптеген жеңілдіктер мен қолдаулар жасалуда. Осы бағдарламаның көмегімен үй алдым, сапалы қызмет етуге әзірмін. Мамандық таңдау әр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені, бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашаққа бағдар береді. Елімізде жастардың білім алып, жұмысқа тұруына жағдай жасалып жатқаны қуантады. Аудан-ауылдарда дені сау ұлт, денсаулығы мықты қоғам қалыптасу қажет. Дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайда адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Қазіргі кезде өзіміз сияқты жас мамандар мемлекет көрсеткен қолдаумен ауылға аттануда. Аталған бағдарламамен жұмыс істеп, алдағы уақытта ауылды көркейтуге атсалысып, ел игіліне қызмет істеп, халықтың сүйікті дәрігеріне айналу үшін жұмыс жасаймын. Біздің ұжым өте ұйымшыл. Қоғамдық жұмыстарға, спорттық жарыстарға белсене араласамыз. Алғаш келгенде әріптестерім тәжірибелерімен бөлісіп тұрды. Дәрігер Акулич Людмила Владимировнаға ерекше алғысымды айтқым келеді.Тобыл кенті маған ұнады, халқы да өте ұйымшыл белсенді. Денсаулықтарына үлкен мән беріп, салауатты өмір сүруге бейім. Қайсар мінезді медицина саласындағы қызметкерлерді, ұжымымды кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Жұмыста табысты, шаршамай, аянбай еңбек етіп, халықтың алғысына бөлене беріңіздер, – дейді жас маман, дәрігер Асет Құдабайұлы.
Медицина қызметкерлерінің күні - бұл мереке барлық ғұмырын алғысқа лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн. Қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын барша дәрігерлеріміз, ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!