Полиция - тыныштық пен тұрақтылықтың қорғаны

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_25_252023-7.jpg

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде теміржол қатынасының маңызы зор.
Қазір жүк айналымының негізгі бөлігі де осы саланың үлесіне тиеді. Ал жолаушы мен жүктің тиісті жерге жетуі үшін пойыздағы тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалау ісінде көлік сақшыларының еңбегі орасан. Тобыл станциясы желілік полиция бөлімі осы мақсатта қыруар шаруа атқарады. Теміржолдағы желілік полициясының ең негізгі міндетінің бірі — жолаушылар мен жүк пойыздарындағы және теміржол вокзалындағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңсыздықтың жолын кесу. 2005 жылдан осы желілік полиция бөлімшесінде еңбек жасап жүрген старшина званиясы бар Мухашев Таңат Ақылбекұлымен сұхбаттасқан едік. Таңат Ақылбекұлы отбасылы 2 қыз, 1 ұлы бар. Қазіргі таңда Челябі университетінде 4 курста сырттай оқиды. Ол өзі қызмет атқаратын желілік полиция ұжымын мақтан тұтатынын айтты. Өте ұйымшыл, тату және тәртіпке қатаң бағынып, жұмыс жасайды.
- Теміржол көлігі үздіксіз қозғалыста болатындықтан, бүгін қылмыстың алдын алмасақ, ертең кеш болады. Сондықтан қызметкерлер қай уақытта да өзінің жеделділігін көрсетуге тырысады. Қазір қауіпсіздікті қадағалауға толық мүмкіндік бар. Вокзалдарға бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Бұл бұзақылық, ұрлық сияқты қылмыстарды ашуға көп көмегін тигізеді. Біздің қызметкерлер вокзалға келген жолаушының қауіпсіздігін күні-түні қадағалайды. Вокзал станцияның, кентіміздің қақпасы десек, полицейлер оның айнасы тәрізді. Қалаға келген әрбір азамат қандай жағдай болсын полицияның көмегіне жүгінеді. Ал ішкі істер қызметкерінің жүріс-тұрысы, сөйлесу мәдениеті оларға берілетін баға. Сондықтан кез келген жолаушыға ізеттілік көрсету керек - деді Мұхашев Таңат Ақылбекұлы.
Теміржолдың бойы қайнаған тірлік. Тасымалданатын жүктің негізгі бөлігі теміржол арқылы өтеді. Сондықтан теміржол көлігіндегі қауіпсіздік мәселесі де күрделі. Бұл жерде қоғамдық тәртіп бұзылып, түрлі қылмыс орын алуы мүмкін. Сондықтан желілік полиция қызметкерлері пойызға мінген әр жолаушының өміріне жауапты. Вокзал маңындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алу, оны дер кезінде анықтау жұмыстары да полицейлердің міндеті.
Полиция қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Қоғамымыз сіздерге жауапты міндет – заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді жүктеп отыр. Ішкі істер органдарының әрбір қызметкері әділ, ашық және адал болуы керек. Қиын да қатерлі қызметтеріңізге табыс тілейміз!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане