- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 13.07.2023 06:37
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 536
Өнеркәсіп өндірісіндегі сан алуан жұмысшы мамандықтарының көптігі өмірге бүкілхалықтық салалық мерекелердің пайда болуына әсер етті. Соның бірі – Металлург күні.
Металлург — ғасырлар бойы келе жатқан мамандық. Қай кезеңде болмасын металлургия саласы мемлекеттің қуатын арттыруда маңызды орын алып келген болса, бүгінде де еліміздің индустрия саласында қозғаушы күш болып табылады. Бұл сала қызметі ауыр әрі құрметті, ал осы маман иелері батылдық және жоғары кәсіби біліктілікті меңгерген қасиет иесі ретінде бейнеленеді. Біздің өңірдегі металлургия кешенінің кәсіпорындарында жаңа технология мен техникалық қайта жарақтандыруды белсенді енгізіп, өндірістің көлемін ұлғайтуға қабілетті жоғары кәсіби мамандар еңбек етеді.
Осындай кәсіби маманның бірі Ержанов Жеңісбек Аманжолұлы 2006 жылы Өзбекстанның Навойи облысы Тамды ауданынан Қазақстанға көшіп келген. Отбасылы, бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, қазір 2 немересі бар. Жеңісбек Аманжолұлы 2010 жылдан бері «Варваринское» AO Polymetal Акционерлік қоғамында алтын өндіру және байыту фабрикасының диірмен машинисі болып жұмыс жасайды. Диірмен машинисі материалдарды ұнтақтау, жіктеу, бөлу және елеу процестерін жүргізеді. Диірмен машинисі-сұранысқа ие өте жауапты және қажетті мамандық. Мамандар материалдар мен шикізатты диірмендерге жеткізуді реттейді, оның жұмысына және өнімнің шығуы мен сапасын бақылап, материалдарды ұнтақтау, жіктеу, бөлу және елеу процестерін жүргізу кіреді. Осындай еңбек етіп жүрген Жеңісбек Аманжолұлы бірнеше рет өндірістің тиімділігін арттырудағы жоғары деңгейдегі кәсіби және жеке үлесі, жоғарғы еңбек жетістіктерді үшін «Варваринское» AO Polymetal Акционерлік қоғамы мен облыс әкімдігінің мадақтамалары мен алғыс хаттарымен марапатталған.
Металлургия кәсіпорындарының тиімді жұмысының нәтижесі ауданның экономикалық дамуына, жерлестеріміздің өмір сүру деңгейін арттыруға үлкен үлесін қосады. Сондықтан өңірдегі металлургиялық кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген барша кеншілерге зор алғысымызды білдіреміз. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз қандай құрметке де лайық. Өңіріміздің металлургия саласын дамытуға қосқан үлкен үлестеріңіз үшін де алғысымыз шексіз. Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Металлургтер күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздерге мықты денсаулық,шаңырақтарыңызға шаттық пен бақыт, еңбекте жаңа табыстарға жете берулеріңізге тілектеспіз! Бәріміздің Отанымыз — Қазақстанның кемел келешегі үшін еңбекте жаңа табыстар мен жеңістерге жете беріңіздер!