- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 17.08.2023 07:54
-
Автор: Аудандық білім бөлімінің әдіскері Алиева Дидар Алиаскаровна
-
Просмотров: 533
Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру мақсатында Үкімет бекіткен Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының бір тармағы - адами капиталды, білім беруге инвестицияларды дамыту.
Өскелең ұрпақтың оқу сауаттылығы мен оқу мәртебесін, оқу белсенділігін және оқу сапасын арттыру, балалардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту, сонымен қатар жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік бағдарларды қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес министрлік «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын.
Бейімбет Майлин ауданы бойынша 24 білім беру ұйымдары бар. Оның ішінде 17 білім беру ұйымында мектеп кітапханасы жұмыс істейді. Мектеп кітапханалары әр жыл сайын жаңа көркем әдебиеттермен толықтырылып отырылады. Жыл сайын келіп түсетін көркем әдебиеттер ішінде балалардың жас ерекшеліктеріне қарай мектеп алды даярлық топтары бүлдіршіндеріне арналған әдебиеттерден бастап, жоғары сынып оқушылары үшін де көптеген қызықты әдебиеттер әсіресе, қазақ-орыс ертегілері, еліміздің үздік классиктернің, танымал ақын-жазушылардың поэзия, проза жанрлары, романдар, сонымен бірге қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары, орыс және шетел жазушыларының таңдамалы шығармалары, фантастика жанры мен әлем әдебиетінің үздік шығармалары т.с.с. әдебиеттер келіп түсуде.
2021-2025 жылдарға арналған «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру мақсатында оқу жылының басында мектептерде басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен мектеп кітапханашысының бірігуімен жылдық жұмыс жоспары құрылып, жоспар бойынша көптеген іс-шаралар атқарылуда. Атап айтар болсақ; жаңадан келіп түскен әдебиеттерді таныстыру бойынша «Бір ел–бір кітап» республикалық акцияларымен қатар, «Көрме-оқу», «Әдеби күнтізбе», «Сүйікті жазушылар шығармасы», «Жазушы – мерейтойы» іс-шаралары арқылы жаңа әдебиеттерді таныстырып отырады.
Ақын-жазушылардың мерейтойларына байланысты шығармаларын насихаттауда челлендждер, көрмелер, шығарма талдаулар, әдеби кештер, оқулар (Абай оқулары, Ахмет оқулары, Мақатаев оқулары, Бейімбет оқулары, Мағжан оқулары, Шаханов оқулары, Әбіш оқулары) ұйымдастырылады. Сол сияқты барлық мектептерде үзіліс арасында «Бәріміз оқимыз», «Дауыстап оқимыз», «Бірге оқимыз» бойынша шулы оқу, ойлы оқу мақсатында сыныптар әдеби кітап оқып жарысады. Осы «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша кітаптың мәртебесін көтеру, кітап оқуды сәнге айналдыру, өмір бойы өзін-өзі жетілдіруді және білім беруді қолдау. мектеп кітапханасындағы көркем әдебиеттер қорын көбейту мақсатында «Кітап сыйлау» акциясы жүргізілді. Оқушылар өздері оқыған кітап ішінен өз сыныптастарына ұнаған кітаптарын оқуға ұсына отырып, тарту етеді. Акция барысында ұжым мүшелері, ата-аналар және оқушылар тарапынан кітапхана қоры толықтырылды.
Сонымен қатар, оқушылар демалыс уақыттарында да көркем әдебиеттер оқып, республикалық «Қыста оқимыз», «Кітапхана, кітап, мен – ең жақсы достар!»Викторина «Жазда оқимыз», «Кітап – асыл қазына»
«Оқитын ұлт – оқитын мектеп» жобасы бойынша өткізілетін іс-шараларда оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай әр түрлі жарыс байқаулары да өткізіліп отырады. Мысалы: оқушылар өз оқыған шығармалары бойынша республикалық, облыстық Буккроссингтер, Буктрейлер байқауларына қатысып отырады.
Мектептерде кітап сүйер қауым яғни оқушылар үшін «Оқушы бұрышы» ұйымдастырылған. Бұрышқа қойылатын әдебиеттер үнемі жаңартылып отырады.оқушылар үзіліс уақытында келіп өздеріне ұнаған шығармамен танысып, өз ойларын ортаға салады.
«Оқитын ұлт – оқитын мектеп» жобасының негізгі алға қойған міндеттері оқушылардың оқырмандық қызығушылықтарына әсер етудің белсенді формалары мен әдістерін, педагогикалық идеяларын іздеу, оқушылардың сабақтан тыс іс-әрекеттегі оқырмандық қалауын ескере отырып, отбасылық оқуды насихаттау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу болғандықтан жыл сайын жылдық жоспар құрылып, көптеген іс-шаралар атқарылып отырады.
Жоба аясында атқарылатын іс-шаралар оқушылардың демалыс уақыттарында да жалғасып отырады. Мектеп кітапханашысы мен сынып жетекшілерімен біріге отырып, челлендждер, видеороликтер, конкурстар («Сүйікті кітабыңызбен селфи жасаңыз», «Ақындық алаңы», «Әдеби тосап» т.б.) акциялар (Қыста оқимыз, жазда оқимыз т.б.) жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Акция қатысушылары ішінен «үздік оқырман» болған оқушыларға мектепішілік байқауларда мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен жеңімпаздарға сыйлықтар, республикалық акциялардың аудандық деңгейінде аудандық білім бөлімінің марапаттауы және әдеби кітаптар сыйлыққа тартылды.
Жалпы алғанда 2021 жылдан бастап бастау алған бұл жобаның тәрбиелік жағынан болсын, мәдениет жағынан болсын өскелең ұрпаққа жоғары азаматтық және рухани адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда кітап оқудың берері мол. Сонымен қатар, оқушылардың бойында, кітап оқу арқылы әлемді тануға деген қызығушылығы артады.
Атқарылып отырған іс-шаралардан күтілетін нәтиже: мұғалімдердің, кітапханашылардың жұмыс тәжірибесі жинақталады және мектеп кітапханаларының ақпараттық ресурстарын пайдаланушылар саны артады. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылықтары артып, шығармашылық, дамытушылық оқу дағдылары қалыптасады. Сондай-ақ, отбасылық кітап оқу дәстүрі жаңғыртылады.
Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болғандықтан "Оқуға құштар мектеп" жобасы бойынша жасалатын жұмыстар жаңа оқу жылында ары қарай жалғаса береді.
Кітап әлемінен алыстаған ұрпақтың болашағы бұлдыр, келешегі күңгірт. Сондықтан жас өскінді кітапқа тебіреніспен қарайтындай етіп тәлімдеп, тәрбиелеуге қол жеткізу үшін тек қана мұғалімдер емес, ата-аналар, жалпы қоғам болып ат салысайық.
Келер жылдан күтер жақсы үмітіміз көп. Рухани бай болайық.