- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 28.09.2023 07:06
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 426
Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол – Ана. Иә, ана деген сөзге бәрі де сыяр еді-ау, әрине оған дәл теңеу таба білсең… Балапандарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, аналық парызын өтеген Мырзағалиева Әнуза анамыз осы теңеудің дәлелі.
«Қариясы бар үйдің,қазынасы бар»деп халқымыз бекер айтпаған. Жақсы өмір сүруге құштарлық танытып, кәрілікті мойындамай, бала тәрбиелеп, қазіргі кезде өз немерелерін бағып, шөберелерін аман-есен өсіруге көмектесіп жүрген Мырзагалиева Әнуза анамыз туралы айтпақпыз.
«Адам өміріндегі – ең үлкен қуанышы бала сүю» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай балалы болу бақыт, ал көп балалы болу одан да үлкен бақыт болса керек. Елімізде көп балалы атанып отырған отбасыларға қанша және қандай көмек көрсетілсе де артық емес. Өйткені, ұрпақ жалғастығы қай ұлт үшін де өте маңызды болып қала бермек. Осындай ұрпақ жалғастығын бірінші орынға қойып көп балалы ана атанып отырған, Тобыл кентінде тұратын «Алтын алқа» иегері Мырзағалиева Әнуза анамыз. Құдай берген жеті балалары бар. Балалары өз басына отау құрып, қазір үлкендері немере сүйіп отыр. Әнуза анамыз бұл күнде 23 немере және 7 шөбере сүйіп отыр. Балалары мен келіндері әр салада еңбек етеді. Ал, Тобылда тұратын балалары теміржолшылар. Немерелерінің алды әр түрлі мамандық иесі болса, кейінгілері студент және мектеп оқушылары. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» демекші, шынында да іші балаға толған үй бақытты. «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп кемеңгер жазушы Мағжан Жұмабаев бекер айтпаса керек. Баланы тәрбиелеп, одан болашағы жарқын азамат өсіріп шығарудың өзі үлкен өнер болса керек.
Ана – бала үшін өмірдегі ең қымбатты жан. Қандай ана болмасын түн ұйқысын төрт бөліп баласына деген мейірімін, махаббатын суытпай ақ сүтін беріп асырайды. Әр ана баласының дені сау, жақсы азамат болғанын арман етеді. Әнуза әженің мейірімділігі сонша, отбасында қанша бала болса да, солардың әрқайсысына өзінің жақсы қасиеттерін үйрете отырып тәрбиелегені.
- Он алты жасымда тұрмысқа шығып, бұл күнде жеті баламнан немере, шөбере сүйген батыр ана, асыл әжемін. Әр күніме шүкіршілік, тәубе айтып қыздарымды қияға, ұлдарымды ұяға қондырған бақытты анамын. Үлкенім 61-ден асса, кішісі 43-ке келген балаларымның ұрпақтары да осы күнде өз алдына отау тігіп отыр – дейді жетпіс тоғыз жастан асқан Әнуза әжей.
«Жұмақтың кілті – ананың табанының астында». Осы сөзден кейін есі бар, жер басып жүрген бүкіл адамзаттың анаға бас иіп, тағзым етпеуі үлкен қателік болар. Көп бала өсіріп, оларды адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеп отырған осындай аналар қандай құрметке болса да лайық!