- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 05.10.2023 07:18
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 376
26 қыркүйек күні Тобыл ауылдық кітапханасы, педагог-жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеевтің туғанына 145 жыл толуына орай «Заман талабымен өмір сүрген» атты әдеби кеші ұйымдастырылды.
Кітапханашы жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы жайында тоқталып өтті. Әсіресе 1913 жылы қазан айында басылып шыққан, қазақ топырағында тұңғыш романдарының бірі болған «Қалың мал» романы. Ондағы қазақ ауылының әлеуметтік суреті, қазақ әйелінің тағдыры, оның теңсіздігі, жастар өмірі, ойын -той салттары туралы бейнеленгені жайында және ел билеуші үстем тап өкілдеріне қарсылық білдірген кедей бұқарасының әрекеті шыншылдықпен суреттелгені. Спандияр Көбеев бүкіл саналы ғұмырын оқытушылыққа арнады. Ұстазы Ыбырай Алтынсарин тәрізді педагогтік қызмет пен жазушылықты шебер ұштастыра білді. Ыбырайдың « Қазақ хрестоматиясы» үлгісімен жарық көрген «Үлгілі тәржіма» мен « Үлгілі бала» жинақтарындағы мысал өлеңдері мен әңгімелерінің қай қайсысы болсын балаларға арналады деп айта алмаймыз. « Үлгілі тәржимаға» Спандияр Көбеев 44 аударма және «Мекен» атты бір өлеңі кірді. Спандияр Көбеевтың мысалдары өлеңмен де, қарасөзбен де жазылған. Спандияр Көбеевтың кез келген туындысынан оның ағартушылықты мақсат тұтқан ниетін айқын аңғаруға болады. Жазушының балаларға арнаған мысал өлеңдері мен әңгімелерінің басты нысаны осы мақсатпен тығыз байланысты. Қаламгер бала психологиясын жете меңгергендігін аудармалары да , төл туындылары да танытады. Спандияр Көбеевты балалар әдебиетінің анық қамқоршысы демеске негіз жоқ. Спандияр Көбеевтың еңбегінің ерекшілегі сол, ол қазақ балалар әдебиетіне мысал жанрын саналы түрде енгізді. Мысалдары өлеңмен де қарасөзбен де аударды, бала ұғымына лайықтап жазды.
«Елге сіңірген еңбек жақсы, еңбекті елеген ел жақсы» деп Спандияр Көбеевтің өзі айтқандай, оның жан-жақты еңбегі лайықты бағаланды. Екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мұғалімі» атақтарына ие болды.
Кеш қонағы, жерлес ақынымыз Мамай Тұрысбекұлы өз тарапынан жазушының педагогика саласындағы жасаған ерен еңбектері жайында айтып өтті. «Өмірімнің ақырғы минутына дейін ардақты халқыма қызмет ете беруді арман етемін. Менің мақсатым да, мен үшін рахат та, ләззат та осы» деген аяулы ұстаз 1956 жылы 21 желтоқсанда 78 жасында дүниеден өтті.
Қорытындылай келе кәсібін терең меңгеріп, мейлінше адал еңбек еткен адамның мерейі үстем, мәртебесі биік болады. Ерен еңбек иесі қашанда құрметке лайық.