- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 05.10.2023 07:21
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 364
Саналы ғұмырын мұғалімдік қызметке арнаған ардагер-ұстаз Ергалиева Шолпан есімі білім саласына етене таныс. Ұлағатты ұстаз ұзақ жылдар Тобыл кентінде білім ұясында жемісті еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көруде.
Ол шәкірттері шыңға шығып, биік белестерді бағындырған, мамандығы мақтанышына айналған мерейлі ұстаз туралы мұғалімдер күні тұста қалам тербеуді жөн көрдік. Кейіпкеріміз Ергалиева Шолпан Сайлянжанқызы 1961 жылы 16 қарашада дүниеге келген. 1979 жылы СССР-дың 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогикалық институтына Орыс тілі және Әдебиеті пәніне оқуға түсіп, 1984 жылы аяқтап, сол жылдың күз айынан бастап, мұғалім болып жұмыс атқарды. 38 жыл педагогикалық еңбек өтілі бар. 1996 жылы Қазақ тілі мен әдебиеті сабағын екінші жоғары дипломын игерген. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Оқушыларды жаны сүйеді, балалардың ортасында өзін балалармен бірдей сезініп, олармен ортақ тіл табыса алатын, махаббатымен қатар оқу-білім, тәлім-тәрбиесін бере алатын ұстаз. Зейнет жасына жақындағанда «№2 Тобыл жалпы білім беретін мектебі» КММ-де Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарды. Тобыл өңірінен ашылған қазақ мектебі Шолпан Сайланжанқызы үшін өте ыстық, балаларында ерекше жақсы көреді. Әріптестерімен сыйластығы қалыптасқан, құрметті ұстаз. Балалармен жақсы тіл табысып, білім нәрімен сусындатқан ұстаз өз жұмысына адал, әрі белсенді болып, Тобыл кенті әкімінің марапатымен және көптеген аудандық марапаттарға ие болды.
-Шолпан Сайлянжанқызы мақтан тұтатын шәкірттері өте көп. Әлі күнге дейін еңбегін айтып, ол кісіні үлгі тұтады. Ұлағатты ұстаздың тағы бір ерекше қыры, ол кісінің жүрегі өте кең. Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен абыройлы ұстазға зор денсаулық тілейміз. «Ұстаз шәкіртімен мың жасайды» деген қағиданы негізге алар болсақ, Шолпан Сайлянжанқызы адал еңбегімен, іргелі ізденісімен мың жасайтын тұлға,- дейді әріптестері.
–Мектеп директоры Гүлнар Расулқызы ұстаздардан жас ұрпақтың ұшан-теңіз білім мен тәрбие алуына үлкен жауапкершілікпен қарап сабақ беруіне қатал талап қойды. Сабақтың жетістігі мен қиыншылығына назар аударып, әділ басшы сынды өткір тілмен айтатын. Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ғибратты сөз бар.№2 Тобыл жалпы білім беретін мектеп ұжымына дән ризамын. Маған ардагер-ұстаз ретінде жыл сайын ұстаздар күні мен қарттар күні ерекше құрмет көрсетеді.Ұлы тұлғалар айтқандай, мен де «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп бағалаймын. Мыңдаған шәкірттер білім алып, қияға қанат қаққан мектебіме тағзым етемін. Ұстаз бен шәкірттің алтын діңгегі саналатын білім ордасында жұмыс істегенім үшін, бүгінде ұрпақтарымның қызығын көріп отырғаным үшін өзімді бақытты санаймын, – дейді кейіпкеріміз Ергалиева Шолпан.
Біз де бүгінгі мақаламызды ұлағатты ұстаздың осынау түйінді сөздерімен аяқтауды жөн көрдік. Расында да нағыз ұстаз үшін оқушыға білім беріп, шәкірт жүрегіне жол тапқаннан асқан бақыт жоқ шығар. Ал ардагер-ұстаз Шолпан Сайлянжанқызы өнегелі өмір жолы бұл сөзімізге нақты дәлел бола алады.