«Майлин оқулары» байқауы

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_46_1-15.jpg

15 қараша – белгілі қазақ жазушысы, драматург, қазақ әдебиетінің классигі, жерлесіміз, есімі ауданымызға берілген – Бейімбет Жармағамбетұлы Майлиннің туған күні.
Қазақ әңгіме, новелласының үздік шебері Б.Майлин өз шығармаларында халық өмірінің көркем шежіресін жасап кетті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол – көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Осындай тарлан талант, кесек құбылыс, шұрайлы шығарма туғызушы, ерекше өнер иесі – Бейімбет Майлин. Ол әдебиеттің поэзия,проза,драматургия саласында бірдей қaжырлы да жемісті еңбек етіп, көркемдік жағынан мол, тәрбиелік мәні зор мұра қалдырды. Майлиннің бізге үлкен өнеге болатын көркемдік қасиеті - қарапайымдылығы.
10 қараша күні атаулы күнге орай аудандық орталық кітапхана қызметкерлері жыл сайынғы өтетін аудандық «Майлин оқулары» байқауын өткізді. Қазақ жазушыларының әдеби мұрасын қалың жұртшылыққа насихаттау, аудан тұрғындарын кітап оқуға шақыру, кітапханаларға жаңа оқырмандарды тарту- бұл байқаудың негізгі мақсаты болып табылады. Аудандық орталық кітапхананың оқу залына жазушының еңбектерін сүйсіне оқитын оқырмандар жиналды. Бейімбет Майлиннің шығармаларынан үзінділерді қазақ және орыс тілдерінде оқып, өз шеберліктерін қазылар алқасының бағалауына ауылдық округтерден келген 7 қатысушы ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен байқаудың жеңімпаздары анықталды: 1 орын – Шманова Мөлдір Ырғызбайқызы, Тобыл кенті, 2 орын – Дилдабеков Игілік Алтайұлы, Тобыл кенті, 3 орын – Нокишов Мархабат Берікұлы, Әйет ауылынан. Барлық қатысушыларға Мадақтама, Алғыс хаттар және де естелік сыйлықтар табысталды.
Майлин – шыншыл суреткер. Біз оның шығармаларын оқи отырып, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақтың басынан өткен оқиғалардың куәсі болғандай әсер аламыз. Өйткені Бейімбет адам кескінін де, заман келбетін де ғажайып көркемдік күшпен танытып кеткен. Бейімбет Майлин туындылары осындай көркем өнердің баға жетпес меруерт – маржандарының қатарынан орын алып, талай ұрпаққа тағылым беріп, суреткердің өзі мәңгілік құнды асыл сөздерінің арқасында біртума дарын ретінде халық жүрегінде мәңгілік сақталатынына ешбір күмән жоқ.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане