- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 30.11.2023 08:31
-
Автор: Super User
-
Просмотров: 405
Ізтілеу Мамай - мәдениет қызметкері
Адамға ерекше қасиет, телегей-теңіз дарын бергенде Алла тағала оның кескін-келбетін, болмыс-бітімін, түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын, кесімді сөзін, кесек ой-толғамдарын соған сай етіп береді деген бар. Мен Марат ағамды осы тұрғыдағы азамат деп, аға деп сыйладым.
«Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Бірінші байлығым халқым деп білген, ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді, тұғыры биік тұлғамен пікірлес, әріптес, дәмдес болғанымды тіршіліктегі нұрлы бір кезеңім деп еске аламын.
Мен Марат Бахытұлының қай кезде қандай қызметте болғанын тізбелеп, тоқталып жатпаймын. Ол бір ерекше жан, қатарынан оза туған ер еді. Содан өмірінің соңғы сағатына дейін белін шешпей, аттан түспей, өнерлі жастарды маңайына жинап, елі үшін еңбек етті. Марат ағама жазған өлеңімді сіздердің назарларыңызға ұсынамын.
Марат ағама
Қай кезде де бағалы талантты адам,
Неге бұлай деп кейде ойға қалам.
Өлді деуге қимайтын адамдар бар,
Соның бірі Шоңғалов Марат ағам.
Жан сарайы толы еді мейірімге,
Байқадық кіршіксіз-ақ пейілінде.
Үлкен-кіші деп бөлмей араласып,
Қалды өзінің адамдық биігінде.
Әндерін тыңдаған жұрт тамсанады,
Қандай қызмет атқарса да шаршамады.
Ұстаз болды, тілші болды, әкім болды,
Өзіне бағындырды әр саланы.
Ел десе елеңдеген балаң еді,
Ұлтым деп тұратұғын жан әлемі.
Қаракөзі аз Бейімбеттің мекеніне,
Қазақтың салт дәстүрін ала келді.
Өнердің жүре білді белесін де,
Келместің қол бұлғады кемесінде.
Әйеттің абыройы бола білді,
Еңбегі сақталады ел есінде.