Тәуелсіздік бәрінен қымбат

b_600_290_16777215_00_images_images_2023_50_502023-4.jpg

Ержан Муртазин - «Тобыл» (теміржол) шекаралық бақылау бөлімшесінің бастығы

Қазақстан тәуелсіз мемлекет. Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Қазақ халқына тәуелсіздік оңай келген жоқ. Қазақтың көптеген қайсар батырлары қазақ елінің еркіндігі, яғни тәуелсіздігі жолында күресіп жеңіске жетті. Осындай қазақ батырларының ерен ерлігінің арқасында Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналып отыр. Қазіргі Қазақстан әлемге мақтанарлықтай беделге ие. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталатыны рас. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға хан-сұлтандар, батырлар, қарапайым халықтың өзі де жандарын пида еткен. Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ – студент жастардың көшеге шығып үндеуі және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын.
Қазіргі таңда Тәуелсіздік - барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі - ең алдымен халқымыздың бақыты. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Қазақстан - қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс.Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт - сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Тарих-өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі, қазақ жері қасиетті, өйткені ата-бабаларымыз бізге бірліктің, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп, атының тұяғымен дүбірлетіп өткен атамекенін аманат етіп қалдырды. Бүгінде Қазақстан Республикасының еңсесі биік,тәуелсіз, басқа мемлекеттермен терезі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Тәуелсіз еліміздің туы күннен-күнге биіктеп, халықаралық аренадағы беделінің күн санап артып келе жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатып,қиялымызға қанат қақтырады.
Тәуелсіздік күні отыз жыл бойы еліміздің басты ұлттық мерекесі болды. Бірақ былтыр заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, мейрам «ұлттық мереке» мәртебесінен айырылды. Енді ол мемлекеттік мереке және тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бәріміз тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек екенін атап өткен еді. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы. «1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге», - деді мемлекет басшысы бір сөзінде.
Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Сіздерге ашық аспан аясында егемен еліміздің игілігі жолындағы істеріңізге мол табыс, жанұяларыңызға береке-бірлік, дендеріңізге саулық тілеймін.Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане