«Медицина кәсібі - адамгершіліктің асылы!»

b_600_290_16777215_00_images_images_2024_24_242024-7.jpg

Заман дамуы мен қоғам қажеттілігіне байланысты мамандықтар тізбесі үнемі жаңарып, өзгеріп отырса да, ерте заманнан бері келе жатқан көне де қадірлі дәрігер мамандығы қаншама ғасырлардан бері адамзатпен бірге жасасып келеді. Жасай да бермек.
Медицина қызметкерлері – адам өмірінің сақшысы. Олар ажалдан қорықпайды, адамға екінші өмір сыйлайды, өз қадір-қасиеті мен ар-ожданын биік ұстайды. Бұл қоғамның оларға деген сенім мен құрметін арттырып, мәртебесін биіктетеді.
Новоильин ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда халыққа медициналық көмек көрсетеді. Дәрігер- терапевт Абдреймов Гани Жұмабайұлы, медбикелер Жолмухамбетова Базаркүл Құдайбергенқызы және Саткимбекова Салтанат Мырзарахимқызы 1080 адамға, оның ішінде 276 балаларға, 35 зейнеткерлерге медициналық көмек көрсетеді.
- Бізге жұмыс барысында ешқашан қателесуге болмайды. Сондықтан да ұдайы тәжірибелік білімімімізді жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреміз. Денге саулық, дертке шипа сыйлайтын әріптестерімнің қоғамдағы мәртебесі де осыған байланысты. Сондықтан да заманауи, уақыт сұранысына жауап беретін, емделушінің талап-тілегін қанағаттандыратын медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесі әркез жоғары болып қалмақ,- деп Новоильин ауылы дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Саткимбекова Салтанат Мырзарахимқызы сөзін сала еңбеккерлерін құттықтаумен жалғады.
- Медицина қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – адам жанын жүрегімен сезінетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі бағаланатын күн. Еңбектеріңіздің өлшемі – өмірмен қайта табысқан адамдардың тағдырымен байланысты. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Ал оның иесі болу – үлкен мәртебе.
Саткимбекова Салтанат Мырзарахимқызы Алматыдағы «Авиценна» медициналық колледж бітіріп, Новоильин ауылына келгеніне көп уақыт болмаса да, осы салада еңбек етіп ел алғысына бөленуде. Дәрігердің еңбегі мен жұмсаған энергиясының ең басты бағасы – ауру адамға көрсеткен көмегі. Осы арқылы Салтанат Мырзарахимқызы дәрігерлік тәжірибе жинақтады. Ең бірінші кезекте дәрігерден терең білім, яғни науқасты мазалайтын мәселені сабырлы, дұрыс және тез түсініп, оның жылдам және толық сауығуына лайықты жол таба білу талап етіледі. Дәрігердің әр әрекеті мен ісі әрдайым басты мақсаты ауру адамды емдеп жазу.
- Медицина саласында осындай медбикелер жұмыс істейтініне өте қуаныштымыз, олар біздің өміріміздің ең қиналған сәтінде өздерін білімді жандар ретінде көрсетті. Медициналық көмек туралы сигнал алған сәттен бастап бірнеше минут ішінде ақ халатты абзал жандар Салтанат пен Ләззат үйге жаяу жүгіріп барып, дер кезінде көмек көрсетіп, жеті айлық демала алмай, қозғалыссыз жатқан ұлымызды өмірін сақтап калды. Құтқарушыларымызға мықты денсаулық, өмірдегі барлық жақсылық тілейміз. Әр адамға қиналған сәттерде осындай жандар табылсын! –деп, Новоильин ауылы тұрғындары Ережиповтер отбасы шын көңілімен алғыстарын жеткізді.
Медицина қызметкерлері тұрғындардың саулығы жолында күндіз-түні тыным таппай жұмыс жасауда. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Олар халық денсаулығы үшін жүйелі жұмыстар атқаруда. Мемлекет пен қоғам алдында дәрігерлердің еңбектері ұшан-теңіз. Сондықтан медицина қызметкерлеріне әркез құрметіміз ерекше.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане