- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 23.09.2024 12:48
-
Автор: Super User
-
Просмотров: 298
Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы атқарушы директорының орынбасары Олег Романенко Қазақстанда АЭС құрылысының болашағы үшін ұсынылатын реакторлар туралы айтып берді. Оның айтуынша, III және III + буындарының су-су реакторларын пайдалану жоспарлануда. Бұл технологиялар атом станциялары жұмысының жоғары қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды kazinform агенттігінің тілшісі.
- Ұсынылған реакторларға келетін болсақ, біз қысыммен жұмыс істейтін III және III+ буын реакторлары туралы айтып отырмыз. Бұл реакторлар екі тізбекті: реактордағы су қайнамайды, бірақ қызады және жылуды екінші тізбектегі бу генераторлары арқылы өткізеді, содан кейін ол турбинаға беріледі. Олар контейнермен — герметикалық қабықпен, сондай-ақ апаттық салқындату жүйелерімен жабдықталған. Электрмен жабдықтау жоғалған жағдайда реактордың өзегі салқындатуды жалғастырады және процестер баяулайды, бұл қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Яғни, ұсынылған конструкциялар әлдеқайда қауіпсіз", - деді ол.
Бұған дейін "КАЭС" ЖШС жетекші инженері Асуан Сиябеков Қазақстан реакторлық технологияларды табысты пайдалану үшін тек тексерілген, референттік блоктарды — III және III+буындарының блоктарын қарастыратынын хабарлады.
- Олардың ауыр апаттарға шалдығу ықтималдығы өте аз. Атом электр станциясын пайдаланудың 10 миллион жылында бір ғана апат болуы мүмкін. Алайда атом электр станциялары тек 60, 80, ең көбі 100 жыл жұмыс істейді. Мұны есте ұстаған жөн, — деді Қарағанды тұрғындарымен кездесуде Асуан Сиябеков.
Сонымен қатар, "қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС Бас директоры Тимур Жантикин Ақтөбе тұрғындарымен кездесуде III және III+ буындарының реакторлары қауіпсіздіктің барлық заманауи талаптарына сәйкес келетінін және экономикалық көрсеткіштері жақсарғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Қонаевтағы сарапшылар көпшілік талқылау барысында Қазақстандағы атом электр станциясында оның құрылысы туралы оң шешім қабылданған жағдайда МАГАТЭ-нің қатаң стандарттарына сәйкес келетін III және III+ буын реакторлары пайдаланылатынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу бойынша референдум күнін 2024 жылдың 6 қазанына белгілеп, оны өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.
Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты Қазақстандықтардың АЭС құрылысы бойынша сауалнамасына арналған брифингте респонденттердің жартысынан көбі референдумға қатысуға дайын екенін хабарлады. Барлығы сегіз мың азаматтан сұхбат алынды.