Ардақты ата, құрметті әке

b_600_290_16777215_00_images_images_2024_39_39-2024_1.jpgОртамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады.
Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп- өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Міне, енді қарттар күні саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын ата- әжелеріміздің төл мерекесі. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.
Адамның өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі – баланың ата-анасын ардақ тұтып, өзінің перзенттік қарызын бір сәтке де есінен шығармауында. Үлкендіктен ешкім құтыла алмаған. Бірақ кәріліктің өзінің сәні – мәні бар. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ-ол ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әр кезде де бақытты. Бүгінгі кездесуіміздің басты қонағы Кауканов Амангелді Тасмағамбетұлы, зейнеткер, Тобыл кентінің тұрғыны. 1941 жылы Таран ауданы Шиелі ауылында дүниеге келген. Қоржынкөл жерінде білім алған. Мәскеуде әскери борышын өтеген. Мұғалім мамандығын оқып, мектептің бастауыш сыныбының мұғалімі болып 45 жыл ұстаздық еткен. Қазіргі кезде шәкірттері әр саланың маманы. 1966 жылы үйленіп отбасылы болып, жұбайымен 7 бала тәрбиелеп өсірген. Қазір ұлдары мен қыздары Тобыл теміржолында теміржолшы, немерелері мен шөберелері бар, қазір үш шөпшектің атасы болып отырған ақсақал. Амангелді ата ұрпағының қайырымды, мейірімді, ақылды, іскер болуын тілеп, сол үшін қамқорлық жасап, өнеге көрсетеді, өсиетін айтып отырады. Иә, «Әкеден ұл тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, ұрпақтарына ата - баба мұрасын жалғастыруды уағыздайды.
Амангелді Тасмағамбетұлы селолық кітапхананың оқырманы, қолы боста кітап оқып, ән айтуды жақсы көреді. «Думан» Мәдениет үйінде өтетін концерт және іс шаралардың тұрақты көрермені. Осы кездесуде ақсақалдың сөзінен өмірлік тәлім-тәжірибесі, халықтық игі дәстүрлер мен салт-сананы үйретуші, үлгі-өнеге көрсетуші ретінде байқадық. Осындай ақсақалдар тек отбасының емес, барша ауылдың тұрмыс-тіршілігіне араласып, ізгі ықпалын тигізетініне сенімдіміз. Амангелді Тасмағамбетұлы ақсақалға зор денсаулық, отбасыңызға амандық және белсенді ұзақ ғұмыр тілейміз! Сіздер әрқашан құрметке лайықсыздар. Барлық уақытта адамзат үшін қарттардың даналығы жастар үшін баға жетпес байлық болып табылады. Біз ата-әжелеріміз алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды тек жақсы тәрбие арқылы, адамгершілігі мол, мейірімді болу арқылы ғана, оларды көрген жерде құрметтеп сыйлау арқылы ғана қайтара аламыз. Қарттарымызды ардақтап өтейік!


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане