- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 17.10.2024 09:22
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 223
Бүгінде татулығын ту етіп, ынтымағын жарастырған жасампаз мемлекетімізге қызыға да, қызғана да қарайтындар аз емес. Әсіресе, бірлікті «бағым» деп бағалаған халықтың біртұтастығы талайларға үлгі болуда.
Бұл ең алдымен өзгені өзекке теппеген қазақ халқының кеңдігін білдіреді. Әрине, бір шаңырақтың астына бірнеше ұлттың басын біріктіріп, берекесін кіргізу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал бір мекемеге сан ұлт өкілдерін қызметке алып, жұмыстың жүйесін табу өз алдына үлкен ерлік. Міне, сондай көпұлтты ұжымды сүттей ұйытып отырған кәсіпорынның бірі – Тобыл станциясының «Әскерилендірілген теміржол күзеті» атқыштар командасы. Еңбеккерлердің ең көбі қазақ, орыс, украин, белорус болса, әзербайжан, молдаван, неміс ұлттары да мұнда қызмет етуде. Қай ұлт өкілдері де теміржол саласының өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Бұл ұжымда ең алдымен бірлік бәрінен биік тұрады екен.
– Қазақта «Бірлік түбі – береке» деген жақсы сөз бар. Біздің қызметкерлер осы қағиданы берік ұстанады. Мекемеге бір адамды жұмысқа аларда оның ұлты мен тегіне емес, шеберлігі мен қабілетіне баса көңіл бөлеміз. Қандай қызметте де еңбеккердің төккен тері есепке алынады.- дейді мекеме басшысы Козлова Евгения Александровна.
Достығы берік түрлі ұлт өкілдерінен құралған ұжымның басты қағидасы – татулық. Көпұлтты ұжым бола тұра өздеріне тән ұлттық құндылықтарын жоғалтпай, бейбітшілікті жоғары бағалайтын осындай еңбек ұжымдары мемлекетіміздің мықты тірегі. Татулықты ту еткен «Әскерилендірілген теміржол күзеті» атқыштар командасы ұжымы тіршіліктің тайқазанын қайнатқан өзге ұлт өкілдері бір үйдің баласындай жұдырықша жұмылып жұмыс істеуде. Бірлігі бекем, тірлігі көркем болып отырған ұжым жұмысы әрдайым жемісті болсын деп тілейміз.