- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 05.12.2024 12:20
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 282
Қазақ өнерінің інжу-маржаны, сырлы саз бұл өмірдің базары, ажары дер болсақ, сан қилы сезім тылсымдарына жетелейтін ғажайып әлем, сағындырған әндер-ай!
Сан ғасырлық қазақ музыкасының байлығы — әсем әндер шырқалатын «Сағындырған әндер-ай» ән кеші бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Кештің ұйымдастырушылары «Думан» Мәдениет үйі меңгерушісі Айбек Қуантайұлы Кабылдин: «Мақсатымыз — ретро әндерді, халық әндерін, халық композиторларының әндерін халыққа сол күйінде бұзбай жеткізу»,-дейді.
Әр заманның, әр жылдың, әр әншінің халық арасында ерекше ықыласқа ие болған жұлдызды туындылары болады. Ондай әндер еш ұмытылмайды. Жыл өткен сайын бағасы арта түседі. Дәуір өтіп, уақыт озған сайын, біз болашаққа көш түзеген қазақ, ән керуенімен бірге сапар шегіп келеміз. Құлақ құршын қандырған, халқын әсем әнмен сусындатқан өнерпаздар ән керуенінің сәнді салтанаты.
Сұлулықпен сезімді үйлестірген әуендер мен жан тебірентер, жауhар туындыларды Мәдениет үйі өнерпаздары жоғары деңгейде орындап, көрермендермен бірге ән шырқады. Ән кешінде Құттықтаев Қуаныш «Нурикамал», «Есіңе ал», Ахметжанова Кенжегүл «Қайықта», Ізтілеу Мамай «Алтайдың ар жағынан келген ару», Ануарбеков Асан «Өкінбе сен», Мырзагалиева Майра «Әдем-ау», «Беу-айдай», Қабылдин Айбек «Өмір-өзен», «Өткен күндер», жас өнерпаздарымыз Мақсұтхан Бекзада мен Қуантай Мерейім «Бипыл» әнін орындады. Ал, көрермендер арасында да сағындырған әндер, әсіресе Шәмші әндерін айтқан жандарда табылды.
Жанымызға жарық, көңілімізге көрік берген сол бір сұлу әндер тізбегі бүгін тағы қалықтап, қайтқан құстар қанатының сусылындай жүрегімізді сәулелі мұңға, сағынышқа бөлейді. Алдынғы буынның асыл махаббатынан жараланған әдемі әндерді енді олардың ұрпақтары арман биігіне самғатып, жақсылыққа жетелейді. Ұмыт болып бара жатқан халық әндерін насихаттайтын «Сағындырған әндер-ай» кешінің ғұмыры ұзақ болсын!
Сағынышқа айналған сырлы әндерімізді сағынамыз, сол сағынышымызды басатын ғажайып ән мұрасының қалғандығына шүкірлік етеміз!