Батыр баба басына зиярат ететін үй салынды

b_600_290_16777215_00_images_images_2025_1_12025_3.jpg

 

Аудан батыс жақ бетіндегі қырдағы Жабағы батыр қорымы тарихи жер екендігі қалың жұртқа мәлім. Еліміздің киелі орындар тізімен енген бірден бір қорым.
Ертеректе осы маңда қазақ пен қалмақтың үлкен шайқасы болған екен. Сол жолғы соғыста қазақ қалмақты ойсырата жеңіпті. Соғыс барысында жараланған Жабағы Ипанұлы, жарақатының жазылмасын сезіп, «Қырылған қалмақты анау төбеге көміп, соның үстіне мені жерлендер. Атаңа нәлет қалмақ тұрып кетіп жүрер, үстінен басып жатайын» деп өсиет етіпті. Жабағы батыр қорымының тарихи әңгімесі осылай өрбіген,- дейді белгілі ақын, ғалым Ақылбек Шаяхметов.
Жабағы батыр қыраты жай қорым емес. Ол киелі, аруақты жер. Дертіне шипа іздеген жандар сонау жылдардан бері сол қорымға қонып, зиярат етуді әдетке айналдырған. Осы жайтты ескерген белгілі кәсіпкер, ел азаматы Бақберген Өтеулин «Жабағы батыр зиярат үйін» салуды қолға алды. Құрылыс өткен жылдың шілде айында басталып, желтоқсан айының аяғында бітті. Таяуда аталмыш үйдің арнайы ашылу рәсімі болып, ас берілді, аруақтарға құран бағышталды. Оған ақын, ғалым Ақылбек Шаяхметов, қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаев сынды зиялы қауым өкілдері, Торғайбай, Шакен, Ноян аталарымыз бастаған ауыл ақсақалдары, еңбек ардагері Амангелді Қалиев, Владимир Бушкин, Сағынтай Түгелбаев сияқты кәсіпкерлер, сондай-ақ бір топ ауыл азаматтары қатысты.
Жалпы жұмыс барасында болсын, арнайы сапарда болсын киелі жерлерге, аулиелер қорымына жиі барып жүрмін. Сонда байқағаным сол жерлерде зиярет ететін үйлер көп салынған. Жуырда Торғай мекені жақтағы белгілі аулие, қожа кісінің басына бардық. Әлгі қорым ауылдан 40-50 шақырым жерде, яғни мидай далада. Сол қорымға келіп жүрген құрылысшы жігіттер келушілірге жайлы болсын деп жақсылап үй салып кетіпті. Жабағы батырдың қорымы ауыл іргесінде, бізге неге осындай үй салмасқа деген ой келіп, жазда құрылысты бастап кетіп едік. Міне сол ой, мақсат бүгін орындалып отыр,- деді ас барысында Бақберген Қасымұлы.
«Қыран жемтігін шашып жейді, құзғын бауырына басып жейді» дегендей, өз шаруасынан гөрі елдік шаруға бейім, қайырымы мол, жақсылығын шашып жүретін ел азаматының бұл игілікті ісіне жиналған көпшілік ризышылығын білдіріп , батасын берді, батыр баба ұрпақтары естелік сыйлықтар табыстады.
«Жабағы батыр зиярат үйі» қазіргі заманғы үлгіде салынған. Үйдің жалпы аумаға 90 шаршы метрді құрайды. Ішінде арнайы қонақ бөлме, ас бөлмесі, жылыту пеші бар. Зиярат үйінің ауласы қоршалған. Аулада ас дайындайтын орындар бар. Алдағы уақытта күн батереясы қойылмақ, оның орны қазірден дайын. Жалпы айтқанда зиярат етушілерге барлық жағдай жасалаған.
«Жабағы батыр зиярат үйін» аудандық мешіт пен батыр баба ұрпақтары басқарады.


Яндекс.Метрика
Курс валют в Казахстане