- Подробности
-
Категория: Последний номер
-
Создано 16.01.2025 10:09
-
Автор: Майра Дүзбайқызы
-
Просмотров: 149
Мектеп оқушыларының қысқы демалысы мен бос уақытын тиімді өткізу кезінде теміржол мекемелері оқушылары қысқы демалыстарын көңілді өткізуіне жағдай жасады.
Оқушылар Көкшетаудағы Зеренді кентінде «Парус» демалыс орталығында орналасқан сауықтыру орталықтарында болды. Игі бастама теміржол мекемесінің бірі – «ҚТЖ-Жүк тасымалы» «Қостанай бөлімшесі-ЖТ» ЖШС филиалының Қостанай локомотив пайдалану айналым депосы мұрындық болуымен ұйымдастырылды.
Лагердің күн сайынғы тіршілігі спорттық және дамыту ойындарына, шығармашылық және интеллектуалды ойындар балалардың шығармашылығы мен қабілеттерін дамытатын, дербестігін, еркіндігін оятып, ашатын, жаңа нәрсені үйреніп, жаңа достар табуға тамаша мүмкіндік беретін іс-шараларға толы болды. Жеткіншектер сапардан мол әсер алып, жаңа оқу тоқсанына көтеріңкі көңіл күймен кірісті. Осындай оқушылардың бірі №2 Тобыл жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Мақсұтхан Бекзада. Мектептің алға ұстар белсенді де, озат оқушысы Бекзада өз көңіл күйімен бөлісті.
- Қыс мезгілі таза ауада қысқы ойындарға қатысу үшін ең қолайлы уақыт. Әрине, қысқы демалыс уақытында қызықты оқиғалар мен түрлі әсерлер көп болады. Осы қысқы демалысымда Көкшетаудағы Зеренді ауданындағы «Парус» сауықтыру орталығында демалдым. Қарағайлы орманның арасындағы сауықтыру орталығы балалардың қысқы демалысына мұз айдынын, әртүрлі ойын алаңдарын дайындап қойған. Лагерьде мен коньки тептім, шанамен сырғанадым. Сырғанақ тепкен кезде менің бойымда бірінші қорқыныш сезімі пайда болса да, кейін көңілдендім. Жылдамдықпен сырғанау кезінде өзіме бір тылсым күш пайда болады. Менімен бірге болған достарым біреу шаңғы, біреуі коньки тепті, ал, кейбіреулері жотадан төмен қарай шанамен сырғанап ойнады. Күні бойы біздің көтеріңкі көңіл –күйіміз болды, жүзімізде шаттық нұры ойнады. Бұл жердің табиғаты өте тамаша! Айнала аппақ, басқа әлемге тап болғандайсың. Лагерьдің жан-жағында биік қарағайлар әсем көрініп, бізге ерекше әсер берді. Қысқы демалыс-ғажайып кез! Достарыммен жақсы өткізген сәттерім ұзақ уақытқа дейін есімде болады. Келесі демалысымды асыға күтемін. Қыс мезгіліндегі даладағы ойындар, әдемі жерлердегі серуендер өте керемет болды. Қыстың аппақ қарымен, өзіндік қаталдығы бар ызғарынан ерекше әсер алдым. Қысқы демалысымда жақсы демалдым. Үшінші тоқсанға ерекше ықыласпен, үлкен күш қуатпен сабағыма кірістім десем болады.- деп өз сезімін жеткізді Мақсұтхан Бекзада.